Қасиетті кітап 144 беттен тұрады
Кенесары ханға тиесілі қасиетті Құран кітап Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында құнды жәдігердің табылып, елге қайтарылғанын айтқан болатын. Кенесары Қасымұлының қолында болған қасиетті Құран кітабы II ғасыр бойы қолдан қолға беріліп, шетелге өтіп кеткен. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оны Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына табыс етті. Түпнұсқа екенін отандық және шетелдік бірқатар ғалымдар дәлелдеген. Қасиетті кітап 144 беттен тұрады. Ақшыл сары түсті парақтары қолмен жазылған. Ұзақ уақыт қолдан қолға өтсе де бүлінбеген екен.
«Бұл кітап толықтай оқылмай, әр жерде тұрып қалды. Кітапты Түркістан шаһарындағы Әзірет Сұлтан мұражайына табыстайтын боламыз», – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Құран кітапты отандық және шетелдік ғылыми орталықтар зерттеп, оның Кенесары ханға тиесілі екенін растап отыр. Онда Марал Ишан мен Кенесары ханның мөрлері қойылған. Марал ишан – Кенесарының діни кеңесшісі болған деседі. Енді бұл мұра Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығында реставрациядан өтеді.
«Кітапты толығымен қалпына келтіру жұмыстары 2 айдай уақытты алады. Біздің орталықта оның көшірмесі 4 дана жасалынады. Республикалық аймақтарға, үлкен мешіттерге береміз», – дейді «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ директоры Жандос Болдықов.