Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Отандық мұнай өңдеу зауыттарында жүргізілген жаңғырту жұмыстарына қарамастан, жыл сайын елімізде мұнай өнімдерінің тапшылығы туындайды. Менің тапсырмам бойынша олардың қызметіне тексеру жүргізілді. Мысалы, 2020-2021 жылдары бұл зауыттардың жұмысы 410 рет жоспардан тыс тоқтатылған. Атырау мұнай өңдеу зауытында – 372 рет, Павлодар зауытында – 14 рет және Шымкент зауытында – 24 рет тоқтау болған. Мұнай өңдеудің қолданыстағы схемасы тиімсіз делдалдар табыстың негізгі үлесін иеленіп, зауыттардың жеткіліксіз қаржыландырылуына алып келді. Осылайша, аралас схемаға көшу туралы шешім қабылданды. Бұл схема мұнай өнімдерінің маркетингін мұнай өңдеуші компаниялар мен зауыттардың өздеріне жүргізуін көздейді. Сол арқылы табыстарын арттырып, ал табыс өндірісті жаңғыртып, еңбекақыны көтеруге мүмкіндік береді», - деді Президент.
Сондай-ақ, Президент ұлттық компаниялардың тиімділігін арттыру туралы нақты тапсырма берді.
«Ұлттық және квазимемлекеттік компанияларда әкімшілік шығыстар көлемді мөлшерде сақталып отыр. Бұл – «Самұрық-Қазына» басшылығының кемшілігі. Тындырылған жұмыс көп, тындырылмағаны одан да көп. Қордың қалыпты жұмыс істеуі үшін базалық тиістілік нормативтерін қайта қарау қажет. Оның қызметін қайта жүктеу әлі де өзекті.
«Самұрық-Қазына» тиімді операциялық орта құрып, ұтымды корпоративтік басқарудың орнына бұрынғысынша портфельдік компаниялардың операциялық және сатып алу қызметіне, кадр саясатына тікелей араласып отыр. Мұндайда қандай корпоративтік басқару мен IPO туралы айтуға болады? Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Үкіметпен, «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды одан әрі реформалау жөнінде нақты ұсыныстар дайындауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.