|
28.05.2024 | 18:29
1103

Starlink: елімізде 500-ден аса білім ордасына құрылғы қойылған

Жауаптылар сөзіне сенсек, 5G технологиясын енгізу біршама шаруаны жеңілдеткен

Starlink: елімізде 500-ден аса білім ордасына құрылғы қойылған Almaty.tv

Елімізде Starlink интернетіне қосылатын мектептер саны артады. Алыс-жақын аймақтағы 500-ден аса білім ордасы жаңа құрылғының қызығын көріп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауыл баласы интернет деп тау-тас кезіп кеткен. Иендегі елдімекендерге арман болған жылдам желі мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Министрлік мәліметінше, 3 өңірге 250-ге жуық Starlink терминалы жіберілді. Ендігі оқу жылында Ақмола, Жамбыл, Жетісу облысындағылар жаңа құрылғының игілігін көреді.

– Starlink пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл – 2000 мектепке арналған бастама. Шалғай ауылдардағы білім ошақтарын интернетпен қамтудың уақытша шешімі екенін атап өткен жөн. Талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізілгенге дейін қолданылатын болады. Білім ұяларындағы құрылғының жылдамдығы 200 Мбит/с дейін жеткізіледі, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма сарапшысы Азамат Серіктаев.

Министрлік өкілдері алдағы уақытта Қазақстанда Starlink интернетіне қосылатын мектептер саны артатынын мәлімдеді. Жаңа құрылғы шалғай елдімекендерге жеткізілген соң, оқу ордаларында интернет жылдамдығы қолжетімді болатын көрінеді. Бұл білім ошақтарының ғана емес, байланыс аясынан тыс жердегі ауыл тұрғындарының да базынасын шешуге септігін тигізеді. Жауаптылар сөзіне сенсек, қазірдің өзінде 5G технологиясын енгізу біршама шаруаны жеңілдеткен.

– Бұл істе министрлік қауіпсіздік мәселесін де қарастырып отыр. Мемлекет басшысы жаңа заңға қол қойды. Оның негізінде елге желілік жабдықтарды шетелден тасуға тыйым салынып отыр. Бұл цифрландыру саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ кедендік қызметтегі қағазбастылық пен уақыт үнемдеу мәселесінің де оң шешімін табуға септігін тигізеді, – деді ЕАЭО Интеграциялық процестер басқармасының бас сарапшысы Қайрат Айтмұханов.

Жылдам желінің сапасы артқаны жақсы. Бірақ жауаптылар қауіпсіздікке нұқсан келе ме деп қауіптеніп отыр. Дәуірі жүріп тұрған интернеттегі алаяқтар – соның дәлелі. Десе де, Президент қол қойған құжат бірқатар түйткілдің түйінін тарқатуға мүмкіндік туғызбақ. Заң байланыс желілерін тарту, азаматтарды төтенше жағдай қаупі туралы шұғыл хабардар ету жұмыстарын жетілдіреді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, дастан темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Жазғы демалыс: мұғалімдер қалай демалады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир