Стратегиялық нысан деп қорғауға алынып, арнайы тосқауыл орнатылған
Ақтөбе іргесіндегі саяжай тұрғындары бау-бақшасына кіре алмай отыр. Дәлірек айтсақ, көлікпен өтуге рұқсат жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Саяжайға апаратын жалғыз жолды сол жердегі тоғанға жауапты мекеме жауып тастаған. Ал бақшасына келген адамның артынып-тартынып жүретінін ескерсек, жүгі бар жаяу адам үшін он шақырымдай жерді жүріп өту оңайға соқпай тұр.
Саяжайлықтар «сазды» су қоймасына апаратын жалғыз жолмен қатынап келген. Енді биыл «Қазсушар» мекемесі бөгетті стратегиялық нысан деп қорғауға алып, арнайы тосқауыл орнатып қойған.
– Осы жерде 25 жылдан бері бақша өсіремін. Биыл тосқауыл қойғалы бақшаға көлікпен өте алмайтын болдық. Біз жазда ғана келеміз, ал бұл жерде жыл бойы тұратын адамдар да бар, – деді саяжай тұрғыны Николай Исмаилов.
Егер айналма жолды адам жүретіндей етіп жөндеп берсе, жұрт оған да көнетінін айтты. Оның үстіне, саяжайда оқыс оқиға бола қалса, өрт сөндіру, жедел жәрдем көліктерінің кіруі де қиындай түседі.
– Біздің саяжай ұжымының өзінде 250-дей көлік бар. Жақында машина өртенді. Көмек шақырсақ, өрт сөндіретін көлік кіретін жер таппадық. Ал ертең үй өртенсе қалай болмақ? Қауіпсіздік жағы қарастырылмаған, – деді саяжай тұрғыны Геннадий Костюк.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін «Қазсушар» мекемесіне барып, басшысымен тілдестік. Ондағылар стратегиялық нысан деп қорғауға алып, тосқауыл қойғанын жасырмады. Кіріп-шығуда мәселе болмау үшін тұрғындарға бірнеше ұсыныс жасағанын айтты.
– Жолдағы кедергі ашылады, тек жол бойына көлік қоймауды өтіндік. Жан жағына көлік қойылағандықтан, дамба жарылды. Балықшылар көбейіп кетті. Жақына жөндеген жол бұзылды. Суретке түседі, тойға келгендер де сонда жүреді, – деді «Қазсушар» РМК филиалының директоры Мырзабай Нұртазин.
Филиал директорының айтуынша, тосқауыл бекетінен көлікпен еркін өту үшін саяжайға келген әр тұрғын қашықтан басқару құралын сатып алуы қажет. Олар құны небәрі 3 мың теңгелік, 50 құрал беруге әзір екенін жеткізді.
– Талабым қашықтан басқару құралын алсын. Ал оны алмағандар өтпейді, – деді «Қазсушар» РМК филиалының директоры Мырзабай Нұртазин.
Алайда тұрғындар бұл шешіммен келіспейді. Айтпақшы, мекеме басшысы төтенше жағдай кезінде арнайы көліктерді өткізу үшін тәулік бойы күзет қызметі жұмыс істейтінін де жеткізді.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе