Алматы облысында жол-көлік оқиғасынан 83 адам көз жұмған

19.07.2024 20:51

Республикалық маңызы бар тасжолдарда дыбыстық жолақ орнатылып жатыр

Almaty.tv

Қара жол қателікті кешірмейді. Тәртіп сақшыларының мәліметіне сүйенсек, көлік апатының көбі трассада ұйықтап кететін жүгенсіз жүргізушілердің кесірінен болады. Биыл алғашқы жартыжылдықта Алматы облысының өзінде 283 жағдай тіркеліп, 83 адам қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы мен Алматы облысында жол апаты жиі болады. Орта есеппен алғанда ел бойынша тасжолда күніне 5-6 адам көз жұмады. Сала мамандары сандарға қарап, алаңдаушылық білдіріп отыр.

– Көрсетілген жылдамдықпен жүру – қауіпсіздігіңді сақтау деген сөз. Адам шаршағанын сезбейді, көзі ашық тұрса да ми ұйықтап кетуі мүмкін. Сол апатқа себеп болады, – деді көлік жүргізушісі Бақытбек Көкімбаев.

– Жүргізушілердің ұйқысы қанбайды, жолда көзі ілініп кетеді. Жолдың сапасы жақсы, – деді көлік жүргізушісі Бақыт Жақсыгелді.

Жазғы демалыс маусымында республикалық маңызды жолдарда жол-көлік оқиғасының саны жиілейді. Себебі алыс жолға ағылған жұрттың кейбірі жылдамдық шектеуін елемесе, енді бірі жолды ұйықтап кетеді. Сол себепті термопластик дыбыс шығаратын жолақтар жүргізушілерді ұйықтап кету мен жылдамдықты асырудан сақтайды.

– Трассаның бойын түгел жөндеп, ескірген жолақтар мен белгілерді жаңартып жатырмыз. Дыбыстық жолақтар қауіпті азайтады, оны неғұрлым көбірек салуға тырысамыз. Маусымына 2 рет бұл жолақтар жаңғыртылады, – деді «Қажсервис» ЖШС Алматы-Өскемен тасжолы учаскесінің бастығы Бауыржан Әбіров.

– Алматы облысының республикалық маңызы бар жолдарында дыбыстық жолақтар сызылуда. Оның атқаратын қызметі – жолдың қауіпсіздігін сақтау. Себебі ұзақ жолға шыққан жүргізушілер ұйықтап кетеді. Салдарынан жол апатты жиіледі. Алматы облысының барлық жолында дыбыстық жолақтар сызылуда. Биылғы жолақ өте берік, жаңа технологиямен жасалған, – деді «Қажсервис» ЖШС Алматы-Өскемен тасжолының бас инженері Мұхамедәлі Төлентай.

Биыл Алматы облысында 283 жол-көлік оқиғасы болып, 83 адам қаза тапқан, 411 азамат зардап шекті. Алматы-Өскемен тасжолында 62 апат тіркелген. Жол сақшылары жағдайдың жиілеуіне байланысты профилактикалық түсіндірме жұмысын ұйымдастырып жатыр.

– Жылдамдық режимін сақтамаған 50 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Полиция қызметкерлері жыл басынан бері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 6 жедел-профилактикалық іс-шара өткізді, – деді Алматы облысы Полиция департаментінің бөлім басшысы Ернар Сайділдин.

Республикалық маңызы бар тасжолдарда абаттандыру, жаңғырту және дыбыстық жолақтарды орнату жұмыстары қарынды жүріп жатыр.

Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда 18 көше жөнделеді