Алматыда «Азаттық аңсаған» атты кітаптың тұсауы кесілді

12.12.2022 20:51

Іс-шарада 1986 жылғы тарихи оқиғаны еске алып, қаза тапқандардың рухына тағзым ретінде бір минут үнсіздік жариялады

Almaty.tv

«Желтоқсан – тәуелсіздік бастауы». Бүгін Алматыда жастар желтоқсаншылармен кездесу кешін өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар 1986 жылғы тарихи оқиғаны еске алып, Тәуелсіздік жолында қаза тапқандардың рухына тағзым ретінде бір минут үнсіздік жариялады. Іс-шара барысында желтоқсан қаһармандары тағылымды әңгімелерін айтып, жастар өлең оқып, өнер көрсетті.

«Ол кездебірінші қазақ басшы деген талап болды, екінші қазақтың тілі. Мен өзім мемлекеттік тілді талап етем деп мінбенің маңынан ұсталдым. Қазіргі жастар соның қадір-қасиетін түсініп, болашақ азаматтығымызды, тәуелсіздігімізді  жат жұрттық ықпалдан сақтасақ мәңгілік ел боламыз», – деді ақын, сазгер, «Желтоқсан оқиғасына» қатысушысы Аманғазы Кәріпжан.

Бұдан бөлек, кездесу кезінде алаштанушы-ғалым, Президент сыйлығының лауреаты Болатбек Төлепбергеннің «Азаттық аңсаған» атты кітабының тұсауы кесілді. Деректі хикаят желтоқсан  көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Құрманғазы Айтмұрзаев пен оның кезінде репрессияға ұшыраған атасы жөнінде жазылған. Автор қазақтың бір әулетінің тағдыры арқылы тарихты көрсетуге тырысқанын айтады. Кітап таралымы - мың дана.

«Кітапты жазуға 2006 жылы  Желтоқсан ісі бойынша Конституциялық соттың он томдық материалдары бар. Соны зерттей отырып, сонда маған бірқатар кейіпкерлер маған қызықты болды. Сол кейіпкердің бірі – Құрманғазы Айтмұрзаев. Мирошник деген кісі болған сол кездегі ҰҚК төрағасы. Соның дерегіне сүйеніп жазылды», – деді ҚР Мәдениет қайраткері, алаштанушы-ғалым Болатбек Төлепберген.