|
18.02.2019 | 15:51
5299

Алматыда жазушы Рахымжан Отарбаевтың рухына ас берілді

Өзіндік қолтаңбасымен дараланған жазушы былтыр 61 жасында мезгілсіз қайтыс болған еді

Алматыда жазушы Рахымжан Отарбаевтың рухына ас берілді

Белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың дүниеден озғанына бір жыл толды. Осыған орай қаламгердің ұл-қыздары марқұмға құран бағыштап, жылдық асын берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шараға қоғам қайраткерінің көзін көрген замандастары мен ақын-жазушылар қатысты. Ал қонақтарға қаламгердің таңдамалы шығармалары топтастырылған кітаптары үлестірілді. Өзіндік қолтаңбасымен дараланған жазушы былтыр 61 жасында мезгілсіз қайтыс болған еді. Қаралы хабар күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Майталман жазушының қаламдастары «Егер оның көзі тірі болса, қазақ әдебиетіне әлі талай шоқтығы биік туындылар келер еді» деп еске алды.

Рахымжан Отарбаев қазақ оқырмандарына шұрайлы тілімен әңгіме және проза жазудың хас шебері ретінде танылған. Оның әр жылдары жарық көрген шығармалары елімізде ғана емес, шетелдерде де кеңінен танымал. Ал драматургиялық пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанған.

«Қазақ оқырманын мойындатты, өзінің оқырманын тапты. Драматург ретінде өзінің көрерменін тапты. Орыс тіліне аударылып танылды, қытай тілінде кітабы қайта-қайта жарық көріп, 1,5 миллиард қытайға да есімі белгілі болды. Еуропа тілдеріне және қоса араб тіліне де аударылып, әлемді өзінің қаламымен баурап, жаулап келе жатыр еді. Ол өзінің нағыз кемеліне келген шағында, қалам қайраткеріне айналған кезінде арамыздан кетіп отыр», – деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.

«Осындай керемет ағамыз артына керемет дүниелерін қалдырды. Әттең-ай, енді Рахымжанымыз аман болса қазақтың әдебиеті әлі көп, жақсы дүниелерге бай болар еді», – деді халықаралық қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді ҒАБДУЛЛИН.

«Ол қазақ әдебиетінің жаңа тұрпатын көксеген, қазақ әдебиетінің көркемдік келбетін басқаша көруге тырысқан, соған атсалысқан азамат. Жазушылық тұрғыдан оның мінезі болды. Жалпы талант, білім дегеніміздің бәрі мінезден басталады», – деді жазушы Несібәлі ДӘУІТАЕВ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

жазушы
Новости партнеров
Прямой эфир