Ойынға 100 млн теңге салдым: елде құмар ойынға құныққандар саны артты

Almaty.tv
Almaty.tv
Былтыр лудомандардың саны 350 мыңға жуық болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде құмар ойынға құныққандар қаулап өсіп келеді. Былтыр лудомандардың саны 350 мыңға жуық болған. Мамандардың сөзінше, қазір бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түрін көрсетпеуді өтінген Манас есімді азамат құмар ойынның құрығына студенттік шақта түскен. Оның айтуынша, бұл іске таныстары итермелеген. Алғашында 1000 теңгеден басталған қызығушылық үлкен дертке айналғанын өзі де байқамай қалған. Ойынның жетегінде жүріп, бірнеше жылда 100 млн теңгенің басына су құйған.

– Азарт жолын қуып жүріп, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Әке-шешем, жақын адамдар, туған-туыс, бауырларым көп зардап шекті. Ойынды 3-курста бастап, азын-аулақ ақша тігіп, ұтысқа қуандым. 100 миллион теңгеден артық ақша жоғалттым. Өзімнің қалай алаяқ болғанымды байқамай қалдым, – деді қала тұрғыны Манас

Мамандардың пікірінше, лудомандармен кешенді жұмыс атқарылса, 4 айдан 11 айға дейінгі уақытта толық емделіп шығуға мүмкіндік бар. Ең қиын қадам – адамның тәуелділігі бар екенін ашық мойындауы. Дерттің көбейіп жатқанының бірден бір себебі – жер жаратын жарнамалардың көптігі.

– Бір айда 300-ден астам адам хабарласады. Біз тәуелділіктің түр-түрімен күресеміз. Келіп түскен науқастармен кешенді түрде жұмыс істейміз, әркімге өзінің ерекшелігі мен тәуелділік деңгейіне байланысты емдеу жазылады. Емдеуге тәуекелмен келіп, бел буғанының өзі – ерлік. Ең басты мәселе - құмар ойындардың жарнамасы! Оларға әр жерде көзің түседі, бізде жатқандардың көбі дәл солар арқылы ойынға келген, – деді оңалту орталығының жетекшісі Руслан Нәбиев.

«Жаңа клиенттерге ақшалай бонус», «Тіркелсең сыйлық аласың», «Жеңісіңді екі еселейміз». Қазір ғаламтордың қай бетін ашсаң да, дәл осындай көздің жауын алатын қызылды-жасылды жарнаманы елемеу мүмкін емес. Онлайн казино, букмекерлер күн санап көбейіп жатыр, олармен бірге лудомандардың да қатары артып келеді. Соңғы деректерге сүйсенсек, елде әрбір бесінші азамат азарттың арбауында жүр.

Сала мамандарының бейресми мәліметтері бойынша, елде 400 мыңнан аса адам құмар ойындарға әуес. Олардың тек 0,23 пайызы тәуелділікпен күресуге бел буады. Қазір лудомандарды анонимді емдеу заң жобасының тетіктері дайындалып жатыр.

Динамикалық бақылауда 11 науқас тұр және бұл Қазақстан бойынша өте аз сан деп ойлаймыз. Дүниежүзілік статистика бойынша науқас саны  3 пайызға тең. Ал Қазақстан халқына 3 пайызды шаққанда, 400 мыңнан аса адам лудоманиядан зардап шегеді деп ойлаймыз. Динамикалық бақылау бүкіл жүйеге кіріп, жүзеге асырылады. Ал біз және министірлік консультивті бақылау жүйесін ұсынып отырмыз, – деді республикалық Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары Нәби Есімов.

Жылдан жылға құмар ойындармен әуестенетіндер көбейіп барады. Құрығына түссең, оңайлықпен шыға алмайсың. Дәрігерлер «елімізде жаңа құжаттағы консультативті бағыт ойынқұмарлардың жеке деректерін сақтап, қоғамда әрі қарай жайлы өмір сүруіне септік болады» дейді. Бұл зардап шеккендердің толық айығып кетуіне мүмкіндік бермек.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы облысында браконьерлер ұсталды

Новости партнеров