Бүгін қазақ жұрты кәсіби деңгейімен көпке танылған журналист Батыр Қазыбаевты ақтық сапарға шығарып салды. 53 жасында көз жұмған белгілі медиаменеджер ақпарат саласында табысты еңбек етті. Бірнеше порталдар, радио мен телеарналардың негізін қалап, еліміздің журналистика саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Батыр Қазыбаевпен қоштасу рәсімі Алматыдағы Ғылым ордасында өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Батыр Кәкімжанұлы көпшілікке медиа саласында өзіндік орны бар, қолтаңбасын қалыптастырған кәсіби маман ретінде танылды. Ол Tengrinews, Vesti, Massaget сайттары және «Жұлдыз FM» мен «Ретро FM Казахстан» радиостанцияларының негізін қалады. «Жетінші арнаны» ашып, отандық телевизия саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Марқұммен қоштасуға оның әріптестері, қоғам қайраткерлері, ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Қуанышұлы мен Алматы әкімі Ерболат Досаев келді.
«Батырдың басы идеяға толып тұратын. Әрдайым сол ойларын бөлісетін. Медиа саласын қалай жақсартамыз? Қай жағынан жаңғыртамыз? Дамуы қалай болуы керек? Қандай технологияларды алып келеміз? Міне, осындай сұрақтар үнемі көкейінде жүретін. Бір ғана Тengrinews.kz жобасы қазір №1 ақпараттық портал болып отыр», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров.
«Батыр Қазыбаевпен тек әріптес қана емес, дос болдық. Кеңес сұрап барған адамға керемет қолдау білдіретін. Мегаполиске әкім болып тағайындалғанымда Алматыны өркендету жолында бірігіп әңгімелесеміз бе деп жоспарлап жүргенмін. Әттең үлгере алмай қалдық. Отандық журналистика саласына өлшеусіз үлес қосты. Әлі де біраз дүние жасар еді. Ғұмырының осылайша қысқа болуы өкінішті. Туыстары мен әріптестеріне көңіл айтамын», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Ол тек медиа маман емес, тіл жанашыры. Қазақ тілді аудиторияға бағытталған контент дайындау ол үшін шын мақтаныш еді.
«Кейбір адамдар «ол тек орыстілді журналист болған» деп ойлайды. Олай емес. Осыдан бір жыл бұрын ақылдасып, «Біз республикаға ат беріп отырған ұлтпыз ғой, енді ғана 70 пайыздан астық. Сондықтан бүгінгі баспасөз қазақ тілінде дамуы керек, оны қалай жүзеге асырамыз?» деп менен сұрады. Мен оның сондай кең ойлайтынына тәнті болдым», - дейді «Алаш айнасы» порталының бас редакторы Серік Жанболат.
Батыр Қазыбаев өмірінің соңғы жылдарында Alash Media Group холдингін басқарды. Құрамына бірнеше ақпарат агенттігі мен радиостансалар кіретін медиахолдинг аз уақыттың ішінде көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Жазушы Кәкімжан Қазыбаевтің ізін жалғап, отандық журналистика саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Қоштасуға келген әріптестері мен шәкірттері оның өмірде ақжарқын, қарапайым әрі әділетті басшы болғанын айтады.
«Батыр аға талай жастың бағын ашқан адам. Мен сол кісінің мектебін өткеніме өте қуаныштымын. Менің медиа саласындағы қызметіме жол бастап берген ағатайым болды. Ол кісінің қарапайымдылығы, кеңпейілділігі, дархандығы, бекзаттығы туралы шексіз айтуға болады. Әрқашан әркімге өзінің шапағатын, нұрын төге білетін адам еді», - деді Б. Қазыбаевтың шәкірті Ғазиза Ұзақ.
Батыр Қазыбаевпен қоштасу рәсімі Алматыдағы Ғылым ордасында өтті. Белгілі журналист ұзақ ауырып, 53 жасында дүние салды. Оның денесі Алатаудың етегіндегі Кеңсай зиратынына жерленді.