Алматыда әскерилер арасында қоян-қолтық ұрыстан Қорғаныс министрінің кубогіне арналған ашық біріншілік өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жарысқа еліміздің Қарулы күштері мен мемлекеттік органдардан 15 команда қатысып, 150-ден астам спортшы бақ сынасты. Олардың арасында түрлі дәрежедегі спорт шеберлері мен кәсіпқойлар бар.
Әскери спортшылар жарыстың 3 күнінде жүлделі орындарға таласып, медальдарды өзара сарапқа салды. Боз кілемге әр командадан 5 салмақ дәрежесі бойынша 5 қатысушыдан шығып, өнер көрсетті. Нәтижесінде Қорғаныс министрлігінің құрамасы сайыс жеңімпазы атанса, Батыс өңірлік қолбасшылығы екінші орын алды. Үздік үштіктен десанттық шабуылдаушы әскерлері көрінді.
«Қарсыластар жоғары дайындықпен келіп, жақсы көрсеткіш көрсетті. Алдағы уақытта жоспар бойынша ТМД елдері арасында халықаралық турнир болады. Соған іріктеуден өтіп, дайындаламыз», – деді жарыс жеңімпазы Бақтияр Қожахметов.
Жарысты тамашалауға келген қонақтардың арасында олимпиада чемпионы Ольга Шишигина бар. Ол рух пен жігер, бақ пен бап қатар сыналатын сайысты жиі ұйымдастырып, әскерилерді үнемі бабында ұстау керегін айтады.
«Бүгінгі жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Спортшылар тыңғылықты дайындалып келген. Елімізде осындай жанкешті әскери қызметкерлер бар кезде ештеңеден тайсалмауға болады», – деді олимпиада чемпионы Ольга Шишигина.
Бәсекеде көзге түскен спортшылар алдағы күндері Ұлттық құрамаға шақыртылып, халықаралық әскери жарыстарда ел намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады.
«Әскери қоян-қолтық ұрысы жауынгерлік дайындықтың бір түрі болып есептеледі. Жарысымыз жыл сайын өтеді», – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Оразбай
Іс-шара ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылғанын айта кетейік. Алдағы уақытта басқа да әскери сайыс түрлерінен республикалық және халықаралық чемпионаттар өтетін болады.
Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, Санжар Ерік, «Алматы» телеарнасы