Ақтауда 15 жастағы қыз бен жігіт үйленді

09.09.2019 20:52

Жас жұптың ата-анасы бастапқыда қарсы болған

Желіде 15 жасында отбасын құрып, дүркіретіп той жасаған жасөспірімдердің видеосы пайда болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ақтаулық Рахмендулла және Әсем есімді жасөспірімдер биыл 19 шілдеде отау құрған. Екеуі де 2004 жылғы, колледж студенттері. Әсем – Маңғыстау облысындағы Ақшұқыр ауылының тумасы, ал Рахмендулла Маңғышлақ ауылынан. Әсемнің айтуынша, екеуі бір-бірін сүйіп қосылған. 

«Мұның алдында да ұзақ сөйлестік, былтыр қазанда достарымыздың туған күн кешінде таныстық, кейін 3-4 ай кездестік. Мені көру үшін ол ауылынан келіп тұратын. Осыдан кейін мені алып қашып кетті. Алып қашатынын білмедім. Артымнан қуғыншылар келгенде, әрине, ата-анам алғашында қарсы болды. Бірақ «қайтып келген қыз жаман» дегендіктен және бір-бірімізді сүйгендіктен сол үйде қаламын деп ұйғардым», - дейді Әсем.

Жас жұптың айтуынша, ата-анасы бастапқыда қарсы болған. Алайда қыз анасы мен әкесін көндіре алған. Бірақ жастар некесін тек мешітке барып, мұсылманша қидырғанын, ал ресми түрде 18 жасқа толғанда ғана тіркелетінін айтады.

Жас келіннің айтуынша, ғашықтар осындай жасында отау құрып, отбасылы болудан қорықпаған.

«Көбі жаман ойлайды, жүкті болып тұрмысқа шыққан шығар дейді. Олай емес, бір-бірімізге сүйіп қосылдық. Рахмендулланың анасы маған қызындай қарайды. Үй шаруасына көмектеседі. Қиналып жүрген жоқпын», – деді ол.

Ал Instagram желісінде жас жұпты қолдап та, сынап та жатқандар көп. Бірі 15 жас тым ерте екенін айтса, екіншісі бақыт тілеп, ізгі ниеттерін білдірген.

«Бармақтай бағың болсын, Майқыз, бақытты бол» деп жазған бір қолданушы. Ал тағы бірі «Қасқа, сендердің жандарыңда мен отырып қалған екенмін ғой» деген.