Түркістанда кәсіпкер ауыл тұрғындарынан үйлерін бұзып, жерді босатуын талап еткен

Almaty.tv
Almaty.tv
Араға 18 жыл салып, белгісіз біреу үлкен аумақтың өзінің меншігі екенін айтып, сотқа жүгінген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында жер дауы туындады. Аңырақай ауылы тұрғындарының айтуынша, 2004 жылы мұндағы 40 гектар жер халыққа пайдалануға берілген. Қала әкімдігімен құжаттарын рәсімдеп алған жұртшылықтың бірі бұл жерге баспана салса, енді бірі кәсібін дөңгелетіп отыр. Араға 18 жыл салып, белгісіз біреу үлкен аумақты өзінің меншігі екенін айтып келген. Ендігіде жердің жаңа қожайыны жергілікті тұрғындардың бл жерден кетуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Равшан Акбарұлы – жеке кәсіпкер. Көкөніс сақтайтын қоймасы бар. Кәсібін 2016 жылы бастаған. Сол кезде бар жиған-тергенін жылыжайға салыпты. Терможабдық пен қалыпты температураны сақтайтын арнайы аппараттарды сатып алу үшін 120 млн теңгесін жұмсаған екен. Бүгінде өңір халқын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылына қап-қап сәбіз бен тонналап қырыққабат сатады. Жұмысы енді өрге домалап келе жатқан шақта белгісіз біреу жерінің заңсыз екенін айтып, ғимаратты бұзуын талап еткен. 

«Өзін «Тазалық» компаниясының өкілімін деп таныстырған адам «осы жердің 2,6 гектары менікі, сендер менің жеріме келіп отырып алғансындар, өз есептеріңнен бұзып объектіні әкетесіңдер, біз бұл жерге тал егеміз, ағаш егеміз» деп айтады», - дейді кәсіпкер Равшан Акбарұлы.

Бұл жерде Равшаннан өзге, 20-дан астам тұрғын бар. Әрқайсысы 10 сотық жер теліміне баспана тұрғызып, мемлекеттік мекемелер оларға заңды құжаттарын рәсімдеп те берген. Олардың айтуынша, арада 18 жыл өткен соң олардың мүлкін Түркістан соты заңсыз деп тауып, құжаттың бәрін жоққа шығарған. Тұрғындар осы даулы мәселе үшін арнайы адвокат та жалдапты.

«Жер кодексінің талаптарына сәйкес, ғимарат бір-бірінен ажырамас бөлік деп танылады. Бұл Жер кодексінің талаптарында сақталған. Сонымен қатар, аталған ғимарат мемлекеттік қабылдаудан, мемлекеттік тіркеуден өткен. Мұны сот жоққа шығарып отыр», - дейді адвокат Болат Жандарбеков.

Ал Түркістан қалалық әкімдігі бұл жер құжатта көрсетілгендей 49 жыл мерзімге уақытша пайдалану құқығымен жалға берілгенін айтады. Олардың айтуынша, бұл аймақ үй салып, кәсіп ашу үшін емес, бастапқыда суармалы егістік үшін жалға берілген.

Мемлекеттік актіге сәйкес 2,6 гектар жер «Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Кадастрлық құжатқа сәйкес жер учаскесі 33 жыл жалға рәсімделген. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 167-бабына сәйкес, Жер даулары, жер құқығы қатынастары туралы дау сот тәртiбiмен қаралады.

Аталған мәселеге қатысты екі тараптың қатысуымен алғашқы сот отырысы да болып үлгерген. Түркістан облыстық соты шешімді «Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына шешіп берген көрінеді. Енді адвокаттар соттың бұл шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіруге бекініп отыр. 

Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан

Новости партнеров