Ұлттық ұлан жасағы Алматы қаласы бойынша күдік тудырған 500-ге жуық адамды ұстады. Осылайша, олар қоғам тәртібін өз бақылауына алып отыр. Айта кетсек, Ұлттық ұлан сарбаздары 10 қаңтардан бастап, қалада тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қоғамдық тәртіп сақтау қызметінде жүрген әскери жасақпен Almaty.tv тілшісі де барған еді.
Генерал-майор Талапкер Әміреев сапта тұрған Ұлттық ұлан жауынгерлеріне қолдау сөздерін айтып, олардың рухын көтерді. Содан кейін әскери бөлім командирі жауынгерлік қызметке бұйрық беріп, сарбаздар қоғамдық тәртіп сақтау қызметіне кірісті.
Дәл қазір темірдей тәртіпке бағынған Ұлттық ұлан сарбаздары дәл осындай көліктерге отырып, қаланың тәртібін және қоғамның тыныштығын күзетуге аттанып барады. Олар бүгін қаладағы тыныштықты сағат 23:00-ге дейін күзететін болады. Кейін коменданттық сағат басталғанда Ұлттық ұланның жасағы дәл осы жасақты алмастырады.
Жоспар бойынша тиісті жерге жеткеннен кейін сарбаздар төрт-төрттен топтасып, бұйрықты орындауға кірісті. 5571 әскери бөлімнің атқаратын қызметі – қоғамдық тәртіппен қатар, қауіпсіздікті де күзету. Сондықтан қаланың барлық ауданында тексеру жұмыстарын жүргізді. Олар адамдардың құжаттарын, сондай-ақ көлік құралдарын тексерді.
«Төтенше жағдай кезінде көптеген күдікті адамды тоқтаттық. Полиция бөлімшелеріне жеткіздік. Қазір тек қана күдіктілерді ғана емес, жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерін, көліктің ішін және жүк салғыштарын тексерудеміз. Төтенше жағдай кезінде біздің жұмыс жалғасып жатыр», – деді 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Қазбек Елдес.
Бөлім басшылығы қала бойынша қоғамдық тәртіпті сақтау қызметінде жүрген әскери жасақтарды тексеріп отырады. Әр ауданға барып, атқарылған жұмыстардың есебін алып отырады.
«Жалпы қала бойынша қоғамдық тәртіпті сақтау қызметіне кірістік. Мысалы, қазір Думан ықшамауданында тексеру жұмыстарын жүргізіп, қоғам тыныштығын бақылауда ұстап отырмыз. Сондықтан қала тұрғындарын уайымдамауға шақырамын», – деді 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Салават Бузыкаев.
Ұлттық ұлан жасағы бұрыннан қала тыныштығын күзетіп келеді. Ал төтенше жағдай енгізілгелі 10 қаңтардан бастап қала бойынша қоғамдық тәртіп сақтау қызметі еселене түсті. Олар тәулік бойы барлау жұмыстарын жүргізіп, күдік тудырғандарды қолға түсіреді.
Оразай Нұртай, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы