Үшемнің әкесі атандым: 6 балалы аула сыпырушы жертөледе тұрып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғын үйдің жертөлесін паналаған жанұяның үшемнен өзге, тағы үш баласы бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үшемнің әкесі атанған алматылық аула сыпырушысы отбасымен бірге жертөледе тұрып жатыр. Жетісу-1 ықшамауданындағы тұрғын үйлердің подвалын паналаған отбасы жаңа туған нәрестелерінен бөлек тағы үш баланы тәрбиелеп отыр. Жанұяның жағдайына алаңдаған жұрт олардың баспаналы болуына атсалысып, жылу жинап жатыр. Бір тәуліктің ішінде 15 миллион теңге жиналып үлгеріпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Аула сыпырып, үй маңын тазалап отыру – қала тұрғыны Ержан Жанбауовтың күнделікті жұмысы. Күн ұзаққа далада жүріп напақа табатын азамат «бастысы – еңбегім адал» дейді. Бүгінде жанұя жер астындағы жадау да жұпыны жертөледе тұрып жатыр.

Отбасының аядай ғана жертөлені паналап жатқанына бір жылдан асқан. Бұған дейін де дәл осындай жертөледе тұрып келген екен. Күні кеше ғана, яғни 31 қаңтарда жанұяда үшем дүниеге келді. Бұл әрине, ерекше бір қуаныш. Бірақ отбасының жаңа туған нәрестелерді күтіп баптауға жертөледе ешқандай жағдайы жоқ.

Айлығы шайлығынан артылмайтын отбасы баспаналы болуға сұранып-ақ тұр.

«Ылғи осындай ауыр жұмыстарды істеп жүр, қазір ПИК-те аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Оның бір жалақымен үй алуға еш шамасы жоқ. Жеңгем де көмектеседі. Бірақ ол балалармен көп шыға алмайды. Бәрі оқушы. Тапқаны бір табыс қана ғой. Ол тек тамаққа кетеді, балалардың оқу құралы, қажеттілігі бар дегендей», - дейді Е. Жанбауовтың қарындасы Нұргүл Жанбауова.

Үйсіздің күйін кешсе де, бір мезетте үш сәбилі болғанын Алланың сыйы деп қабылдадым, көңілге медеу еттім дейді Ержан Жанбауовтың өзі. Подвалды паналап жатқан балалардың өміріне бей-жай қарамаған қайырымды жандар қолдан келген көмекті аямай жатыр.

«Осылай көмектесіп жатқан халқымызға мың рахмет. Қалай дегенмен де, қабырғамызға батады ғой... Ер азаматпыз, намысымыз бар дегендей... Бірақ болашақта жақсы болып, бұл қиындықтың бәрі ұмытылып кететін шығар деген ойдамын», - дейді қала тұрғыны Ержан Жанбауов.

«Ешқандай жаман қылықтарын көрген емеспіз. Тәтенің өзі босанғанға дейін осы жерде жолдасы Ержан ағаға көмектесіп, ауланы сыпырып жүретін. Осы №52 үйдің көршілері киім-кешек, ақшалай көмектесіп тұрамыз. Осы кісілер баспаналы болса деген ниет қой», - дейді Е. Жанбауовтың көршісі Анар Маратқызы.

Бұл отбасының баспаналы болғанын қатты қалаған жұрт қазір жылу жинап, оларға пәтер алып беруге кіріскен. Қазірдің өзінде 15 миллион теңгеден аса қаржы жиналыпты.

«24 сағат болған жоқ, дәл қазіргі сәтте 15 млн теңге жиналды. Алты сәбиімізді, яғни үшемді және үш үлкен баласын үйлі етуге тырысып жатырмыз. Дәл қазір «Елге көмек» қайырымдылық қоры үй іздеу үстінде. Осы сәтті пайдаланып, қазақ еліне алғыс айтқым келеді. Себебі баршасы хабарласып, атсалысып, қолындағы соңғы тиыны, ақшасына дейін беріп жатыр», - дейді «Елге көмек бер» қайырымдылық қорының мүшесі Бақдәулет Құдайқұл.

Ал отбасының отанасы қазір перзентханада. Босанар алдында коронавирус жұқтырып, сырқаттанып қалса да, үшемді аман-есен өмірге әкеліпті.

«Босанудың екінші кезеңінде бізге келіп түсті. Үшемді өздігінен босанды. Біріншісі ұл бала – 1835 гр, екіншісі ұл бала – 1774 гр және үшіншісі қыз бала – 1835 гр. Үшеуі де реанимацияда, жетілмегендіктен өкпені жетілдіру үшін жансақтау бөлімінде емін алып жатыр», - деді қалалық перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары Жәмилә Исаева.


Шақалақтар мен анасының денсаулығы бірқалыпты дейді дәрігерлер. Бөбектер сәл өсіп-жетілгенше перзентханада болады. Ал пәтерге қаржы жинап жатқан қор өкілдері сәбилерді перзентханадан шығарған соң жаңа, жылы қоныстарына орналастырамыз деп отыр. Бұл отбасына көмек қолын созамын деушілер 8 707 201 30 30 нөміріне хабарласа алады.

     

 Назкен Еркін, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

 



Новости партнеров