Талдықорған қаласының екі тұрғыны оқушының өлімі және балалардың ұрлануы туралы жалған ақпарат таратты деген күдікке ілініп, ұсталды, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Мамыр айының алғашқы күндері WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз біреулердің Талдықорған қаласының маңындағы көпірлердің бірінің астынан қинап өлтіру белгілері бар баланың мәйіті табылғанын, сондықтан балаларға абай болуға шақырған дауыстық хабарламалары таратылды.
Бұл ақпарат Талдықорған қаласы мен облыс орталығына жақын орналасқан аудандарда тез тарап, ел арасында толқу тудырды. Өз кезегінде, полицейлер кең көлемде тексеру жұмыстарын ұйымдастырып, ақпараттың жалған екенін көз жеткізіп, оны жоққа шығарды.
«Талдықорған қаласы маңындағы көпірлер Көксу және Ескелді аудандарында орналасқан. Оларды полицейлер жіті тексерді. Нәтижесінде, облыстық полицейлер халықты тыныштандыру мақсатында таралған ақпаратты жоққа шығарды. Жалған ақпарат тарату дерегі Көксу ауданының полициясында ресми тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес тексеру жұмыстары басталды», - делінген хабарламада.
Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында облыстық Криминалды полиция қызметкерлері 50 астам адам арасында сұрақ жүргізіп, WhatsApp желісіндегі он шақты топ өкілдерінен сұрастырып, нәтижесінде 33 жастағы ер азамат пен 52 жастағы әйел адамды күдікті ретінде ұстады. Күдіктілер полиция бөлімшесіне жеткізілді.
«Екі күдікті де - Талдықорған қаласының тұрғындары, дегенмен бір-бірімен таныс емес. Әйел адам қаланың базарларының бірінде саудамен айналысса, күдікті азамат жеке көлігімен кісі тасымалдайды. Тергеу кезінде екі күдікті де өз таныстары мен достары арасында таратқан ақпараттың жалған екенін мойындады. Күдіктілер азаматтардан кешірім сұрады», - деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Іс Көксу ауданы полициясының өндірісінде. Күдіктілер мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Полицейлер нақтыланбаған және жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын және ресми ақпарат көздері таратқан ақпараттарды ғана басшылыққа алу қажет екенін ескертеді.