2023 жыл – 2016 жылдан кейін тарихтағы ең ыстық мерзім
Жер шарының орташа жылдық температурасы жыл өткен сайын артып келеді. Соңғы деректерге сүйенсек, еліміздегі орташа температура 1,8 градусқа көтерілсе, ал әлемдегі көрсеткіш 1,15 градусқа жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, 2023 жыл – 2016 жылдан кейін тарихтағы ең ыстық мерзім. Ғаламдық өзгеріс елде де байқалады. Кейбір аймақта ауа температурасы 35 градустан асып, ыстық күндер саны көбейген.
– Батыс Қазақстан мен оңтүстік-шығыс, оңтүстік өңірдегі ауа температурасы 35 градустан жоғары. "Қазгидрометтің" бақылауынша, аязды күндер азаюда, жауын-шашын күз, жазда азайып, көктем, қыста көбейіп жатыр, – деді География және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері Гүлсара Ержанқызы.
Жаһандық жылыну салдарынан табиғаттағы су айналымы қарқынды жүре бастаған. Бұл ақпаратты гидролог маман Саят Әлімқұлов растайды. Оның сөзінше, су тасу кезеңінің алға жылжуы да климаттық өзгеріске байланысты.
– Су бөгені арқылы суды реттеп, пайдаланушыларға жеткізу керек. Өзеннің пайдалану режимін сәйкестендіру керек, сол арқылы өзен режимін нақты білу керек, – деді География және су қауіпсіздігі институты директорының орынбасары Саят Әлімқұлов
Айбар Олжай «ауа температурасының қалыпты деңгейден алшақтауы экономиканың көптеген саласына әсер етеді» дейді. Экономистің айтуынша, климаттық өзгеріс бәсеңдемесе, алдымен көмір өндірісі тоқтайды, жылу электр станцияларына өзгеріс енгізіледі, энергияны тұтынушылардың қатары артады.
– Көмір жағуды, оған ұқсайтын мазутты қолдануды тоқтатуға қатысты декларация бар. Әлемдік елдерде кәдімгі квота бөлінеді. Декларацияны қабылдаған ел квота бойынша жұмыс істеуі керек. Квота бойынша жұмыс істемейтін елдерге көмірсутек салығы салынады. Еуроодақ ол принциптерді қабылдады. 2030 жылға қарай осы елдерден алынатын тауарларға арнайы салық салынады. Демек тауарлардың бағасы қымбаттайды, бәсекеге қабілетсіз болады, – деді экономист Айбар Олжай.
Бұдан бөлек экономист мұздықтар еріп, теңіздер мен мұхиттардағы су деңгейі көтерілсе, жайылымдық жерлердің аумағы тарылып, агроөнеркәсіп кешені едәуір шығынға ұшырауы мүмкін екенін де атап өтті. Маман «халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі бірінші орынға көтеріледі» дейді.
– Бұған дейін экономика дамуында климат қазіргідей әсер етпеген. Жаһандық жылынудың әсерін көріп отырмыз. Енді оның әсері одан сайын ұлғая түсетін болады. Сондықтан қай мемлекет бүкіл процестерін жаңа заманға лайықтайды, ұтады. Ал қай мемлекет ескі формада қалып, адам капиталы жетпесе, артта қала береді, – деді экономист Айбар Олжай.
Экологтар жаһандық жылынудың салдары жайлы 1975 жылдан бері айтып келеді. Нәтижесінде, әлем елдері экологиялық мәселені бірлесе шешуі үшін 1997 жылы Киото хаттамасына, 2015 жылы Париж климаттық келісіміне қол қойды. Ал Париж келісіміне сай, әлем халқы жердегі орташа температураны 2 градусқа жеткізбеуге, 1,5 градустан асырмауға үлес қосуы қажет.
Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда нөсер жаңбыр жауады деп күтілуде