Халық коммунистері жаңа мүшелермен толықты

06.06.2019 20:53

Қазақстан коммунистік халық партиясының қатары толықты. Елордада өткен қалалық Ардагерлер кеңесімен кездесуде жаңа коммунистерге партиялық билеттер табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың арасында кәсіпкер, қоғамдық ұйым жетекшілері, тіпті көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналар да бар.

«Коммунистер партиясы көптеген отбасыларға көмектесіп жатыр. Керек-жарағымызды әперіп, азық-түлік және киім-кешекпен қамтып жатқандарына рахмет. Бір мәселені шеше алмай қиналсам, осы кісілерге келемін. Кез келген жағдайды шешуге көмектеседі. Сонымен қатар, бүгін куәлік бергеніне де өте қуаныштымын», – деді  ҚКХП мүшесі Әйгерім БЕЙСЕМБАЕВА.

Партияның қалалық штаб жетекшісінің айтуынша, жаңадан қосылған партиялықтарға саяси құрылымның бағыты мен қызметін одан әрі жетілдіру және жалғастыру міндеті жүктеледі. Ал ардагерлер оларға жөн сілтеп, тәжірибесімен бөліседі.

«Партия қатарына өтушілер үшін жаңа кезең басталады. Олар партияның идеясын, идеологиясын әрі қарай жалғастырады, яғни партияның ардагерлері өздерінің тәжірибесімен бөліседі. Өйткені бұл – халықтық партия. Қатарымыз өсіп жатыр. Жаңадан қосылам деушілерге қашанда есігіміз ашық», – дейді ҚКХП-ның қалалық сайлауалды штаб жетекшісі Нұрдәулет ОРАЗХАНОВ.