Жөндеу жұмыстарын сағат 20:00-ге жақын аяқтау жоспарланып отыр
Қостанай қаласындағы Тәуелсіздік даңғылында жерасты жылу құбыры жарылып, 8 көппәтерлі тұрғын үй жылусыз қалды. Бұл туралы «Қостанай жылу энергетикалық компаниясының» баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«26 желтоқсан күні Тәуелсіздік даңғылындағы жерасты жылу құбырының диаметрі 250 мм болатын бөлігі жарылды. Сағат 09:00-14:30 аралығында құбырды ашу үшін қазу жұмыстары жүргізілді. Осыған байланысты 8 көппәтерлі тұрғын үй (381 абонент) жылудан ажыратылды. Жөндеу жұмыстарын сағат 20:00-ге жақын аяқтау жоспарлануда», - делінген «Қостанай жылу энергетикалық компаниясының» хабарламасында.
Мәлім болғандай, мына мекенжайлар бойынша орналасқан көппәтерлі үйлер жылудан ажыратылды:
Әл-Фараби даңғылы бойындағы №143, №145, №158/1, №158/6 үйлер;
Перонная көшесі бойындағы №3, №4, №10 үйлер;
Темірбаев көшесі бойындағы №39 үй.
Еске салайық, бұл уақытқа дейін Қостанай қаласы көшелерінің бірінде жерасты жылу құбырында апат болып, 30 тұрғын үй кешені жылусыз қалған еді.
Дереккөз: ҚазАқпарат.