Жігіттің анасының айтуынша, қыз жақ қойған айыптар бойынша ешқандай дәлел жоқ
Сұлтанның анасы Қанткүлге хабарласқанда, ол үйін кепілге қойып, баласын қамаудан босатқанын хабарлады. Тергеу амалдары әлі жүріп жатыр, деп жазады Stan.kz.
Жігіттің анасының айтуынша, қыздың тарабы қойған айыптары бойынша ешқандай дәлел жоқ.
«Бұлардың не көздегенін, не мақсат бар екенін түсінбедім. Миым жетпей жатыр. Дәлел жоқ ешқандай. Қорғаушымыз олардың қойылған айыптарының негізсіз екенін Қылмыстың кодекс бойынша барлығына жауап беруге дайын», - дейді жігіттің анасы.
Сұлтанның қорғаушысы Жарылқапберді Өмірзақов тергеу тарапынан көптеген заңбұзушылықтар орын алып жатқанын айтады.
«Аружанның өзі тергеу амалдарына қатыспай жатыр, тергеудің уақытылы дұрыс өтуіне кедергі келтіріп жатыр осылайша», - дейді құқық қорғаушы.
Адвокаттың айтуынша, Аружан небәрі бір аптадай ауруханада жатқан, қазір үйінде. Өмірге қауіп келер жарақат алмаған.
Екінші жақпен мәмілеге келмедіңіздер ме деген сауалға: «Жоқ, мәмілеге келетіндей біз алдына да барған жоқпыз. Не үшін барамыз? Кәдімгі қазақтың салтымен алып қашу болды, артынан қуғыншылар келді, құдаларын күтті. Әрі ешбір дәлелсіз жігітті жаманатты етіп, бүкіл Қазақстанға жар қылды», - дейді Жарылқапберді мырза.
Сондай-ақ адвокат Аружанның қорғаушысы айтқандай, гинекологқа қаратқаны, аузына коньяк құйып, қыздың күшпен зорланғаны туралы ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Өз еркінен тыс күйеуге шыққысы келмей, үшінші қабаттан секірген 19 жастағы Аружан есімді қыздың жантүршігерлік оқиғасы қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Қазақстандықтар үйленуге мәжбүрлеген жігіттің жазалануын талап етті. Алайда, Сұлтанның анасы ұлына жалған жаланың тағылғанына сенімді. Оның айтуы бойынша Аружан жігітке өз еркімен тұрмысқа шыққысы келген.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.