Бүгінде мұндай кітаптардың 55 мыңы қолжетімді
Абайдың кітаптары Брайль шрифтімен жарық көрмек. Классикалық шығармалар Алматыдағы «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» қорын толықтыруда деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Мұнда әзірге рельефті-нүкте шрифтімен шығарылған 55 мыңнан аса кітап бар. Қуантарлығы, кітапханада қазіргі заман жазушыларының шығармалары да жетерлік.
Айтулы күні жазушы Роза Ахтямова өзінің сезімге толы повесінің тұсауын кесті. Ол Қазақстандағы оқырмандары үшін Ресейден арнайы келген еді.
Роза Ахтямованың шығармаларымен «Зағип және нашар көретіндерге арналған кітапхана» оқырмандары жақсы таныс. Автордың көптеген кітабының аудио нұсқасы бар. Өйткені, оның өзінің де жанарында ақау бар. Содан да болар, «Свияжск – остров любви» атты жаңа повесінің тұсауын публицист осындағы достарының ортасында кесті.
«Кітап алғашқы махаббат туралы. Ол жоғары сынып оқушылары мен кішкентай балаларға арналған. Туынды менің замандастарыма да қызық болады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде бұл кітапты оқып үлгерген достарым «жас кезімізді еске алып жылап алдық» деп хабарласып жатыр. Ал, бұл кітапхана үнемі зағип жандарға үнемі көмектесетін, олардың ішінде мен де бармын. Мен Алматыда 33 жыл тұрдым. Кейін отбасылық жағдайларға байланысты көшіп кеттім. Бірақ, әлі күнге дейін келіп тұрамын», - дейді жазушы Роза АХТЯМОВА.
Кітапхананың 3 мыңдай оқырманы бар. Оның үштен бірі – зағип жандар. Көзі көрмейтіндер үшін кітаптар Брайль шрифтімен шығарылады, сондай-ақ, аудиокітап түрінде де жарыққа шығады. Кітапхана қорындағы 248 мыңнан аса кітаптың бүгінде 55 мыңы зағиптар үшін қолжетімді.
«Брайль жүйесімен оқи алмайтындарға кітапты біздің қызметкерлер оқып береді. Бізде сондай-ақ, үйде де қызмет көрсетіледі. Келе алмайтын, жүре алмайтын оқырмандарымыз бар. Олар бізге телефон арқылы хабарласып, өздерінің сұраныстарын айтады. Айына бір рет барып қызмет көрсетеміз. Бүгінгі таңда үйге шақыратын 45 адам бар», - дейді «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ директоры Асхат БАЙҰЗАҚОВ.
Кітапхана басшысы әзірге қазақтілді аудиторияға арналған рельефті-нүкте шрифтімен жазылған кітаптардың аз екендігін айтады. Сондықтан, жыл сайын бұл кітаптарға тапсырысты көбейтуде. Көзі қарақты оқырман Светлана Тоқабаева қазақ және орыс классиктерінің шығармаларын сүйіп оқиды. Қазір Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын оқып жүр екен.
«Қазақ және орыс классиктерін жақсы көремін. Алдағы уақытта Сәкен Сейфуллин мен Әбіш Кекілбаевтың өзге кітаптарын оқысам деймін. Қазіргі заман жазушыларынан Роза Ахтямованың шығармашылығы ұнайды», - дейді Светлана ТОҚАБАЕВА.
Кітапхана оқырмандары мұнда өз қызығушылықтарына қарай түрлі үйірмелерге де қатысады. Шахмат, дойбы ойнап, тоқыма тоқып, ән айтады. Сонымен қатар, мамандар оларды компьютерлік сауаттылыққа да үйретеді.
Келесі жылы Абайдың кітаптары Брайль шрифтімен шығарылады. Ұлы ақынның 175 жылдығына орай шығармалар аудиокітап түрінде де жарық көрмек.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы.