Алматыда дәріханаларға дәрі жеткізілуінің арқасында кезек азайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгін БАҚ өкілдері қаладағы ірі дәріханаларға барып, бақылау жүргізген болатын.
«Ұзын-сонар кезек осыдан 1 апта бұрын болған. Қосымша касса терминалдары ашылды. Қосымша қызметкерлер алдық. Нәтижесінде кезек мәселесі толық шешілді. COVID-19 емдеуге арналған дәрілер түгел бар. Антибактериалық, антикогулянттық, қабынуға қарсы препараттар барлығы бар. Дәріханалар толық қамтылған. Күнде жеткізіліп жатыр», – дейді «Аптекаплюс» дәріханасының бөлім меңгерушісі Айнұр Алмахамбетова. Бұған дейін дәріханаларға кезекке тұрған адамдар 2 сағаттап түн ортасына күткенін жазған болатынбыз.
«Бүгінде дәрі-дәрмек уақытында келіп отырады. Аптасына 1-2 рет тауар аламыз. Адамдар тарапынан көбінесе аспирин, қызу түсіретін дәрілерге сұраныс көп», – деді басқа дәріхана меңгерушісі Гүлнар Медибек.
Шілде айынан бастап әкімдік жедел желіні іске қосты. Бұл байланыс телефондары арқылы тұрғындар дәрі дәрмектің бар-жоғын біле алады.
«14 шілдеден бастап дәрілік заттарға сұраныс азая бастады. 14 шілдеде тәулігіне 1000 қоңырау түссе, қазір 250 адам ғана хабарласады», – дейді «Қолдау» орталығының департамент директорының орынбасары Рузана Тарануха. Алматы әкімдігі дәрімен қамту бойынша үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаевтың айтуынша, әкімдік 29 маусымда ірі өндірушілермен келісімге келген.
Барлығы 105 дәріханамен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, бір адамға 3 дәріден артық сатылмайды. Бұл алып-сату әрекеттердің жолын кесу үшін жасалған.
«10 шілдеде әр елден 6 млн жуық медикамент әкелінді. Қазір Үндістаннан тағы бір ұшақ келеді. 30 тонна жүкті әкімдік сатып алды. Бұл күз бен қысқа қор жасау үшін керек болып жатыр. Нарықты реттеу үшін әкімдік 5 млрд теңге бөліп, тұрақтандыру қорын ашты. Одан бөлек ауруханаларды дәрімен қамту үшін қосымша 5 млрд теңге бөлінді», – деді спикер.