Ерлан Қарин жаңа қабылданған жер қатынастары туралы заңға қатысты пікір білдірді

13.05.2021 20:54

Бұл – Президенттің заң шығару бастамашылығы бойынша әзірленген алғашқы заң жобасы

Фото: greenqazaqstan.kz

Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин бүгін қабылданған жер қатынастары туралы заңға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сату және жалға беру туралы көп жылға созылған қызу талқыға біржола және түбегейлі нүкте қойылды. Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы норманы заң жүзінде бекіту туралы шешімді биылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында жариялаған болатын. 12 наурызда Президент тиісті заң жобасын Парламенттің қарауына арнайы жолдаған еді. Бұл – Президенттің заң шығару бастамашылығы бойынша әзірленген алғашқы заң жобасы. Сол арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу туралы мәселені біржола шешкісі келетінін нақты көрсетті», – деп жазды Ерлан Қарин Facebook парақшасында. 

Оның айтуынша, өткен аптада заң жобасы Парламентте егжей-тегжейлі және жан-жақты талқыланып, депутаттар мақұлдаған соң, Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылған. 

«Іс жүзінде Президенттің жер туралы заңы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктердің сатып алуына және жалға алуына тосқауыл қойды. Бұл биліктің түрлі дақпырт пен қауесетке берген нақты жауабы. Сондықтан осы мәселе бойынша жұртты дүрбелеңге салуға бұдан былай еш негіз жоқтығына тағы да баса назар аударғым келеді. Жалпы, аталған құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиімділігін, қоғамдық және жалпыұлттық диалог арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуге болатынын тағы бір мәрте көрсетті. Ел дамуының ұзақ мерзімді мүддесіне сай келетін дәл осындай ұстанымдар – Президенттің саяси бағдарының өзегі», –  деп түйіндейді сөзін Президенттің көмекшісі.