Астанадағы құдықтардың ішіне жаңа технология бойынша қорғаныс торлары қойылуда. Бұл қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жасалып жатқан шара. Ал аталған жабдықтар қаншалықты берік? Олар қайда және қалай әзірленеді? Almaty.tv тілшісі айтып береді.
Астанада екі айдың ішінде ашық жатқан құдыққа 15 адам түсіп кеткен. Олардың біреуі адам өлімімен аяқталды. Өзекті түйткілге байланысты бүгін мәжіліс депутаты Сергей Симонов премьер-министрге сауал хат жолдады.
«2000-шы жылдардың басында кәріз құдықтарының қақпақтары, телекоммуникациялық сымдар, су құбырлары жаппай ұрланатын. Сол кезде үкіметтегілер түрлі-түсті және қара металдарды өткізуді заң жүзінде реттей алатын шаралар қабылдаған болатын. Нәтижесінде, ондай жағдайлар азайып, бірен-саран ғана орын алып тұратын. Алайда, 20 жыл өтісімен мұндай ұрлық-қарлықтар қайта жасала бастады. Тіпті арты қайғылы жағдайға ұласып жатыр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сергей СИМОНОВ.
Халық қалаулысы металл қабылдау және өткізу орындарының қызметі реттелмегенін баса айты. Мәселені зерттеу барысында Астанадағы темір-терсек қабылдау бекеттерінің бірқатарына бардық. Соңғы жайттарға байланысты болса керек, металл қабылдау орындарының мамандары біраз үрейлі екенін сездіріп қойды. Тіпті, жасырын камерамен түсіргеннің өзінде, біздің әріптесімізді тәртіп сақшысы ма деп ойлады.
« – Салаумалейкум! – Уағалейкум... – Люк қабылдайсыздар ма? – Жоқ. – Бір-екі қақпақ бар еді. – Жо-жоқ. – Үйде жатқан, сынық-сынық... – Жоқ, ондай қабылдамаймыз. – Қайда қабылдайтынын білмейсің бе? – Оперсың ба?.. – Жоооқ... Осы жерде тұрамын ғой, жақын жерде. – Немен жүрсің? – Машинамен...»
Біржан Қалдыкөзовтің металл алып-өткізумен айналысқанына бір жыл болыпты. Айтуынша, күніне 200, 500 кг металл қабылдайды. Алайда, тек жарамсыз, күл-қоқысқа баратын темір-терсекті ғана сатып алатынын жеткізді.
«Мен майда-шүйде, үйден шыққан темірлерді ғана қабылдаймын. Ондай құдық қақпақтарын қабылдамаймыз», – дейді Біржан ҚАЛДЫКӨЗОВ.
Ал Астана қаласы Полиция департаментінің мамандары биылғы екі айда шаһарда заңсыз жұмыс істеп келген 80-нен астам металл қабылдау орнын әшкерелегенін айтады. Ал өткен екі күнде жүргізілген рейд барысында тәртіп сақшылары келесідей заңбұзушылықтарды анықтаған.
«Ешқандай рұқсат қағазынсыз жұмыс істеп жатқан және темір-терсекті қабылдайтын орындар әшкеріленіп, 19 адамға әкімшілік жаза қолданылды. Сонымен қатар, 40 мың тоннадан астам заңсыз тапсырылған темір-терсек тәркіленіп, тиісті орынға жеткізілді», – деп атап өтті Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы София ҚЫЛЫШБЕКОВА.
Тәркіленген 47 мың тонна темір-терсектің ішінде құдықтың шойын қақпақтары да, күл-қоқыс контейнерлері де бар. Осы ретте Астанадағы коммуналдық кәсіпорындар құдықтарға арнайы технология бойынша қорғаныс құралдарын орнатуда.
«Астана су арнасының» цехында күніне дәл осындай 30 шақты темір тор жасалады. Бүгінде Байқоңыр ауданындағы 300-ге жуық құдыққа қорғаныс торлары орнатылыпты.
«Астанада қазір 65 мың құдық бар. Соның 34 жарым мыңы Астана су арнасының меншігінде. Былтыр және биылғы жылдың екі айын қосқанда, мекемеге қарасты 1380 люк ұрланған. 40 миллион теңгеге залал келтірілді. Қазір біз көптеген елдердің тәжірибесін қолданып, темір торлар орнатудамыз», – деді «Астана су арнасы» МКМ баспасөз хатшысы Назгүл ТӘЛІПОВА.
Мамандар металл іздеуіш құралмен қардың астындағы құдықтарды анықтайды. Содан соң қорғаныс құралдарын орнатады.
«Біз бастапқыда Ресейдің пластикалық торларын қарап көргенбіз. Бірақ тексере келе, жыртылып қала беретінін көрдік. Ал бұл 10 миллиметрлік шойыннан жасалған торларды кронштейнмен берік етіп бекітеміз. Егер құдық қақпағы ұрланып, қар астында қалған күйде де оған құлаған адамды қайғылы жағдайдан қорғап қалады», – деді Астана қаласы Байқоңыр ауданы су тарту қызметінің басшысы Юрий РИЗАЕВ.
Орнатылған бұл темір тор 150, 160 келі салмаққа шыдас береді дейді мамандар. Иә, бұл жабдықтың адамды өлім аузынан қорғап қалары сөзсіз. Десе де, дәл осы темір-терсектің де қолды болмайтынына кім кепіл?..
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана