Алматыда тұтынушыларға қызмет көрсету орталығы ашылды

19.06.2019 22:51

Мамандар мұнда ауыз су, кәріз қызметі, жылумен жабдықтау және ыстық су жөнінен кеңес береді

Almaty.tv

Алматыда «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін тұтынушыларға қызмет көрсету орталықтары өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл жерде азаматтар коммуналдық қызмет түрлеріне қатысты барлық сұрақтарын қоя алады. Яғни,  мамандар мұнда ауыз су, кәріз қызметі, жылумен жабдықтау және ыстық су жөнінен кеңес береді. Әзірге қала бойынша үш жерде ғана іске қосылған орталықтарды болашақта барлық ауданнан ашу жоспарда бар көрінеді.

«Орталық көпсалалы болып табылады. Бұл жерден әр азамат ауыз су мен ыстық суға қатысты түрлі мәселелердің шешімін таба алады. Және болашақта мұнда ортақ касса қою қолға алынып жатыр», – деді «Алматы су»  МКК қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Ақбота ЖЫЛЫСОВА.