Қазақстанда браконьерлік қылмыс үшін жазаны қатаңдатуға қатысты Заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді заңсыз балық аулағаны, аң атқаны, ағаш кескені үшін Қылмыстық Кодексте санкция ұлғайтылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атап айтсақ, ірі шығын келтірсе 2 млн. 525 мың теңге, ал, аса ірі қылмыс үшін 50 млн 500 мың теңге айыппұл салынады. Сондай-ақ 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды жойған азаматтар 12 жылға сотталады. Ол туралы бүгін Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов мәлімдеді.
Сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың қызметтік автокөліктері жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталады. Мәселен, қызметтік көліктері құқық қорғау органдарының арнайы көліктерімен тең дәрежеде боялады. Инспекторлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағы да назарға алынды, деді ведомство өкілі.
«Жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторларға қызметтік қарумен, яғни ойық тапаншамен, карабинмен не тегіс ұңғылы қарумен қарулану құқығы берілген. Қызметтік қаруды қолдану тәртібі ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат БАЙБОЛОВ.
Биыл полиция органдары республика бойынша 10 мыңнан астам табиғат қорғау Заңнамасын бұзу фактілерін тіркеген. Әкімшілік жауапкершілікке 6 мыңға жуық адам тартылса, 48 адамға қылмыстық жаза қолданылған. 77,7 млн. теңге сомасына айыппұл салынып, 69,1 млн.теңге өндірілген. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда ақбөкенді ататын, тасымалдайтын, сатып алатын тұлғалар тізімі түзіліпті. Бұл топқа 80 адам енген.
«Бұрын мұндай есеп жүргізілмейтін. Қазіргі таңда осы санатқа жататын адамдар тізімін құрдық. Оған браконьерлік үшін қылмыстық жазаға тартылған, ұсталған, күдікті болған тұлғалар енді. Егер алдағы уақытта жаңа факті анықталса, бірден осы тізіммен жұмыс жүргіземіз. Яғни қылмысқа қайта барды ма, қатысы бар ма, соны анықтаймыз», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат БАЙБОЛОВ.