Кәсіпкерлерді қорғау омбудсмені Алматыда ең көп зардап шеккен сауда үйлерін аралады

25.01.2022 20:55

Алматыда Қаңтар оқиғасынан 1611 бизнес субьектісі зардап шеккен

Фото: inbusiness.kz

Алматыға кәсіпкерлік субъектілерін қалпына келтіру жұмыстарын бағалау үшін келген Кәсіпкерлерді қорғау омбудсмені Рустам Жүрсінов мегаполистегі ең көп зардап шеккен сауда үйлерін көріп шығып, кәсіпкерлермен сөйлесті. Олардың мұңын тыңдап, ұсынысын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұнда әсіресе, өз кәсібін дөңгелетіп жүрген 180-нен астам жалға алушы бірталай шығынға батқан. Кәсіпкерлердің тауарлары және құжаттары да толығымен жоғалып кеткен.

«Біз мемлекеттен артық ақша сұрап жатқанымыз жоқ. 5 қаңтарда болған лаңкестік оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Ешкімге оңай болған жоқ. Сол кездері осы дүкенде жалға алушылардың 95 проценті шығынға ұшырады. Ең аз дегенде 1 миллион теңге шығынға батты. Сондықтан біз барлық құзырлы органға жанайқайымызды жеткізгіміз келеді», - деді жалға алушы Айжан Тоқтарбекова.

Алматыда Қаңтар оқиғасынан 1611 бизнес субьектісі зардап шеккен. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 94,8 млрд теңгеден асқан. Кәсіпкерлерді қорғау омбудсмені Рустам Жүрсінов қазіргі уақытта кәсіпкерлік қоғамдастыққа қолдау көрсету өте маңызды екенін жеткізді. Өйткені ел үшін осындай қиын және жауапты сәтте жұмыс орындарының қысқаруына және ұйымдардың банкроттығына жол беруге болмайтынын атап өтті.  

«Біз «Атамекен» палатасының сайттарында үш-төрт күн бұрын мәлімдеме жасағанбыз. Үкіметтік комиссиясының жұмыс тәртібі бойынша әкімшілікте аумақтық комиссия құрылады. Ол қалай жұмыс істейді? Қандай мерзімде арыздар қарайды? Арыздарды қалай беру керек? Бұл сұрақтың бәрінің жауабы сол жерде шоғырланған. Онымен әрбір кәсіпкердің жеке танысуға мүмкіндігі бар», - деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Сәсенов.