Нұр-Сұлтанда үлескерлерді алдаған компанияға қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр

15.07.2021 20:55

Тәртіп сақшылары осы құрылысқа қатысты алданғандар болса, Полиция департаментінің тергеу басқармасына келіп, арыз қалдыруларын сұрайды

almaty.tv

Еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтаннан баспана алуды қалаған 300-ге жуық адам алданып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv

Қазір қалалық Полиция департаменті  «Royal EXPO apartments» тұрғын үй кешенін салған компанияның басшыларына қатысты тергеу жұмыстарын бастаған. Қазақстанның әр аймағынан баспанаға ақша салған үлескерлерден Полиция департаментіне қазірдің өзінде 280 өтініш келіп түскен. «Үйлі боламыз» деп сан соғып қалған тұрғындардың саны бұдан да көп болуы мүмкін» дейді жауаптылар. Сондықтан да тәртіп сақшылары осы құрылысқа қатысты алданғандар болса, Нұр-сұлтан қаласының Полиция департаментінің тергеу басқармасына келіп, арыз қалдыруларын сұрайды. Ал жоғарыда аталған компания басшыларына қатысты алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

«Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті көпқабатты үйдің құрылысына қатысты «Expolis Invest VM» компаниясының басшыларына қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Істің жан-жақты, нақты тергелуі үшін Полиция департаменті үлескерлерден осы құрылысқа қатысты арыз-шағымдары болса, Полиция департаментінің тергеу ісі жөніндегі басқармасына хабарласуын сұраймыз», – деді қалалық Полиция департаментінің аға тергеушісі Санжар Қошарбаев.