Қазақстанда мемлекеттік органдар мараторийге қарамастан қызметтік көлік сатып алған. Ол туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, негізінен жеңіл автокөлікті сатып алушылар – әкімдіктер, Ішкі істер министрлігі, өңірлердегі полиция департаменттері. Қазір бұл заңбұзушылық бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар, басшыларға жеке қызметтік көлік алу үшін бюджеттен 15 миллиард теңге жұмсалғаны белгілі болды.
«Автокөліктердің саны бойынша бізде екінші орында – санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер, мобильдік дайындық қызметтері және төтенше жағдайлар қызметтері. Айта кету керек, автокөліктердің көпшілігі мораторий жариялау бойынша билікте белгіленген шектеулер шегінде сатып алынған. Онда екі шектеу бар: бұл жеңіл автокөлік қозғалтқышының көлемі екі текше метрден аспауы керек және базалық жиынтықтан жоғары болмауы керек. Екінші – бұл автокөлік құралдары отандық болуы тиіс. Барлық автокөлік құралдары отандық тауар өндірушілерден сатып алынған», – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов.
Бұдан бөлек, Қазақстанда адами факторды толығымен жою үшін тағы да мемлекеттік сатып алу тәсілдерін өзгерту ұсынылуда. Бұл жолы Қаржы министрлігі Оңтүстік Кореяның тәжірибесін қолдануды және әр қатысушыға теріс немесе оң ұпай беру тәсілін қолданбақшы.
«Сатып алудағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдың жалғыз шарты – өнім берушіні таңдау процесінде адами факторды алып тастау болып табылады. Сондықтан қазір біз сатып алудың жаңа әдістерін енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Сатып алудың бұл тәсілі мемлекеттік сатып алу процесіне адамның қатысуын толығымен алып тастауды көздейді және конкурстық комиссиясыз жүзеге асырылатын болады», – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов.