Қарасай ауданына қарасты Ақсұңқар саяжайының тұрғындары облыстық маңызы бар тас жол бойында жиналды
Жағымсыз иістен мезі болған Алматы облысындағы Ақсұңқар саяжайының тұрғындары наразылыққа шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Себебі олар тұрып жатқан жерге қалдық төгіледі. Ал одан шыққан қолаңқа иістен тыныс алу мүмкін емес дейді. Сондықтан сыра зауытының маңына жиналған жұрт жергілікті биліктен 10 жылдай қордаланып келген мәселені бұл жолы түбірімен шешуді талап етті.
Қарасай ауданына қарасты Ақсұңқар саяжайының тұрғындары облыстық маңызы бар тас жол бойында жиналды. Басты талап – сасық иісті құрту.
«Халық келіп көтерілгеннен кейін әкімдік жапты. Әрине, уақытша. Егер су көтерілсе қайтадан ашамыз деді. Біз мәселені түбегейлі шешуді талап етеміз. Бүкіл халық жиналып отыр», – деді Ақсұңқар саяжайының тұрғыны Дәурен Әбдіғалиұлы.
Жұрттың айтуынша, сасық су саяжай ішіне де ағады. Ал тұрғын көрсетіп тұрған жер – 2003 жылдың 26 тамызында ресми түрде ашылған сыра зауытының меншігіндегі аумақ.
«Осы уақытқа дейін айтпай келдік. Денсаулық құрып жатыр. Бала-шаға ауырып қалды. Шілденің ыстығында дем жетпейді. Әйнекті ашсақ болды, қолқаны қауып кетеді. Адамның үлкен дәретінің иісінде», – деді Ақсұңқар саяжайының тұрғыны Бибәйша Атажанова.
Зауыт маңынан шыққан күлімсі иіспен тұрғын үйлердің маңында да мүңкіп тұрады. Себебі жақын жерге бөгде біреулер қоқыс төккеннен, шалшық су жиналып жатыр дейді.
«Дем алу мүмкін емес. Өздеріңіз білесіздер дала 35-36 градус ысып кетті. Тереземізді жабамыз, ашсақ сасық иіс», – деді Ақсұңқар саяжайының тұрғыны Назым Сәттібаева.
Ал сыра зауыты жетекшісінің айтуынша, ауаның ластауына сондағы кішкентай көлшік себеп. Саяжайға да ағып жатқан соның суы дейді. Өндіріс басшысы көлшік кәсіпорын аумағында жатқандықтан мәселені шешетінін айтты.
«Мәселені шешеміз. Себебі көлшік біздің аумақта. Бұған дейін қарамай келдік. Ол - рас. Жұрт шағымынан кейін оларға су жіберіп жатқан құбырды бітейміз. Бірақ біздің зауыттан ол көлшікке ешқандай су бармайды», – деді Сыра зауытының алматыдағы жетекшісі Станислав Вериш.
Мәселе бұған дейін де көтерілген. Сол кезде Елтай ауылдық округінің әкімі саяжайға қарама-қарсы орналасқан қос зауытқа хат жолдаған көрінеді. Бірақ одан ештеңе өзгермеді дейді тұрғындар.
«Келешекте су көтерілсе водоканалдың адамдары келіп, құбырды тексере бастайды. Өйткені жоғары жағында су келіп жатқан жоқ. Қай жерден шығып жатқанын қараймыз. Бірақ бұл «Эфес» зауытының аумағы», – деді Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов.
Бұл жолы кәсіпорын жетекшісі иісті құртудың амалын жасап әлек болды. Көптің тынысын тарылтқан көлшікті көмді. Ал саяжай ішіне кіріп жағдаймен танысқан әкім арнайы мамандарды шақырып, ондағы шалшықты сорғызған.
Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы