Жаңаөзендегі оқиға: жасөспірім даяшылардың өліміне қатысты тың дерек шықты

29.11.2019 20:56

Жаңаөзен мейрамханасында үш жігіт зардап шегіп, екеуі қаза тапты. Біреуі қазір ауруханада жатыр

CC0

Таныстардың айтуынша, көз жұмған жасөспірімдер мейрамханада түнеуге қалған. Себебі ертеңінде олар банкетте жұмыс істеуі тиіс болатын, деп хабарлайды Sputnik.

"Жігіттер уақытты әрі күшін үнемдеу үшін үйге бармай, мейрамханада түнеуді жөн көріпті. Ал мекемедегі ең жылы жер пеш жағатын бөлме болғандықтан олар сонда ұйықтапты", - дейді тұрғындар.

Таңертең пеш жағатын бөлменің еденінде жатқан кәмелетке толмаған балаларды достары тауып алған екен.

Жаңаөзеннің тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасының мәліметінше, тірі қалған бір даяшы қалалық аурухана бөлімшесіне ауыстырылды. Оның халі тұрақты.

"Жасөспірім есін жиды, тамақтана алады, дәрігерлердің сұрақтарына да жауап бере алады. Аурухана мамандары оған "Ауыр деңгейдегі иісті газдың улы әсері. Улы энцефалопатия" диагнозын қойды. Зардап шеккен жігіттің анасы жедел жәрдем ұлын ауруханаға ес-түссіз, аса ауыр халде әкелді дейді", - деп хабарлады басқарма.

Еске салсақ, алдын ала мәлімет бойынша мейрамханада даяшы болып жұмыс істеген кәмелетке толмаған үш бала 24 қараша күні иіс тиіп, уланып қалды. Екі зардап шеккен даяшы қаза тапты, біреуі ауруханаға жеткізілді. Полиция "Еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы" бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр.