Талдықорғандық жеке кәсіпкерлер «құқығымыз тапталды» деп шу шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әкімдікке базына айта келгендер – бизнес өкілдері. Олар шенеуніктерге «бізді қолдаудың орнына, бөгет болып жатырсыздар» деп қынжылды. Шағым айтқандар 10 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қаладағы тұрмыстық қалдықтарды төгумен айналысқан. Бірақ олар көпқабатты үйден де, жеке сектордан да тапсырыс қабылдай алмайды. Өйткені жергілікті әкімдік бар жұмысты жуырда тендерді ұтқан бір ғана компанияға жүктеген.
– Бастапқыда бізді жеке секторға жұмылдырады деп ойлағанбыз. Алдын ала ескертілмеді, әкіммен кездесу болған жоқ. Тендердің өткенін де білмей қалдық, жергілікті газетте жарияланған жаңалықты бізден бұрын Алматыдағы компания оқып алған дегенге кім сенеді? – деді кәсіпкер Ирина Корнилова.
– Менде бір көлік бар, оның өзін несиеге алдым. Қанша миллион қарызға кірдім, оның бәрін өтеу керек. Бала-шағаны асырау керек, сол үшін әкімшіліктің жұмыс істеуге мүмкіндік беруін талап етеміз, – деді кәсіпкер Рауан Ахмадиев.
Әкімдік өкілдерінің де айтар уәжі бар. Иелігінде 1-2 ғана жүк көлігі бар компания облыс орталығынан шығатын қоқысты тазартып үлгермейді. Сондықтан тендер арқылы 1 ғана операторды анықтап, 5 жылға келісімшартқа отырған. Ал жергілікті кәсіпкерлер заңды тұлғалармен келісімшартқа отырып қызметін жалғастыра алады.
– Қала бойынша бір операторды анықтадық. Бұл кісілерге ескертілді. Көпқабатты тұрғын үйлерден күнделікті, жеке сектордан аптасына бір рет қоқыс шығару керек. Олар қойған талаптарды орындай алмаймыз деп отыр, – деді Талдықорған қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков.
Жуырда қоқыс тарифі да адам басына 379 теңге болып бекітілді. Баға қымбаттады деген сөз. Ал бұған дейін жеке кәсіпкерлер 300 теңгеден алып отырған.
– Тарифті негізсіз көтеріп отыр. Баға қымбаттайтыны туралы ешбір жерде жарияланған жоқ. Қоғамдық тыңдау өткен жоқ. Не мақсатпен көтереді, қанша ақша, қайда кетеді? Ешқандай есеп бермеген. Бұл соманы халықтың қалтасы көтермейді, олар бағаның көтерілуіне қарсы шығып жатыр, – деді тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының төрағасы Амир Газалиев.
Кәсіпкерлер шенеуніктердің шешімімен келіспейді. Олардың айтуынша, аталған жағдайда шикілік көп, сондықтан азаматтар бұл іске құзырлы органдардың араласуын сұрайды. Ал өткізілген тендер мен әкімдіктегілердің іс-әрекетінің қаншалықты заңды екені алдағы уақытта белгілі болады.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Шымкентте 17 ірі мал шаруашылығы жұмысын тоқтатуға мәжбүр