Президенттікке үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды штабының жетекшісі Азат Перуашев бастаған үгіт насихат тобы Елордадағы вагон жөндеу зауытының ұжымымен кездесіп, ірі бизнес нысандарын қолдауға қатысты жайттарды талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақмола вагон жөндеу зауыты – еліміздегі машина құрылысы саласындағы бірден-бір мамандандырылған кәсіпорын. 1941-жылы шеберхана болып ашылып, кейіннен вагон жөндеу зауытына айналған. Президенттікке үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды штабының үгіт насихат тобы зауыт жұмысшыларымен кездесіп, бизнеске қолайлы орта қалыптастыру тақырыбында әңгіме өрбітті.
«Мемлекеттік сатып алуда ұлттық компаниялар болсын, шетелдік инвесторларға болсын отандық өнім өндірушілерге преференцияларды кеңейту керек. Бұл сатып алу тендері бойынша, біз ең алдымен отандық өнім өндірушілерге артықшылық беруіміз керек. Екінші мәселе салық салуға қатысты, қаражат, еңбек күішмен қамту сияқты өзекті проблемалар талқыланып және де екінші жағынан өзіміздің көзқарасымызды жеткізіп отырмыз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды штабының жетекшісі Азат ПЕРУАШЕВ.
Зауытта 400-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Олар жылына 3 мыңға тарта вагонды жөндеуден өткізеді. Сондай-ақ, мұнда оған қажетті бөлшектер де жасалады. Қазіргі кезде Ресей мен Өзбекстаннан түскен тапсырыстарды да орындап жатыр. Алдағы уақытта инновациялық технологияны қолдана отырып сапалы қызмет көрсету жоспарда бар.