Аймақта 4 мыңнан аса үй су астында қалған
Тасқыннан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету әлі де жалғасып жатыр. СҚО тұрғындары жаңа баспанаға кіріп, қоныс тойын тойлауға көшкен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ойқала шағынауданында 7 жыл бойы тұрған Әубәкіровтер жанұясының баспанасы бірнеше ай бұрын суға кеткен. Жиһаз бен бар дүниесі жарамсыз боп қалған азаматтар 3 ай бойы туыстарын жағалап, кейіннен жалдамалы пәтерге қоныстанған. Апат зардабы азайып, көпшілікпен бірге жаңа баспанаға ие болды.
– Су басқанда сөйлей алмай қалдық. Өте қиын болды. Уайымдадық. Бүгін қуанып жатырмыз. Баспанада бәрі дайын, тұра беруге болады, – деді қала тұрғыны Жасұлан Әубәкіров.
Жаңа үйдің кілтіне ие болғандардың қатарында Татьяна Пономарева да бар. Зейнеткер өмір бойы жер үйде тұрғандықтан, таңдауы Бірлік шағынауданындағы баспанаға түскен. Ол «мемлекеттен жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанына ризамын, апат қайталанбасын» деп тілегін білдірді.
– 2017 жылы апат бізді айналып өтті. Ал биыл үй су астында қалды. Баспана құрылысына қатысқандарға алғыс айтамын. Қаражатын салып, көмек көрсеткен адамдарға, рақмет! – деді қала тұрғыны Татьяна Пономарева.
Бүгінгі таңда Бірлік шағынауданында 200-ге жуық үй тұрғызылған. Жаңа баспаналар жиһаз және қажетті техникамен толық жабдықталған. Ал «құрылыс сапасына баса мән береміз» деген облыс әкімінің орынбасары олқылық болса, дереу жойылатынын айтты.
– Құрметті жерлестер, биыл көрген қиындық артта қалсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жаңа қоныста ойлаған жоспарыңыз жүзеге асып, балаларыңыздың қызығын көріңіздер. Қоныс құтты болсын! – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.
Айта кетейік, су тасқыны кезінде СҚО-да 4 мыңнан аса үй су астында қалған. Олардың жартысы апатты деп танылған. Ал Бірлік шағынауданында 700 тұрғын үй салынуы тиіс. Олар жылыту маусымы басталғанға дейін пайдалануға беріледі.
Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан
Оқи отырыңыз: Мемлекет үшін алынатын мүліктің құны қалай есептеледі