Түркістан облысында кәсіпкерлер көпбалалы отбасыларға баспана сыйлады

Almaty.tv
Almaty.tv
11 баланың баспаналы болуына мұрындық болған жандар бұған дейін де Арысқа көмек беріп келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық кәсіпкерлердің көмегімен Түркістан облысы Арыс қаласындағы көпбалалы отбасылар баспаналы болды. Кәсібін дөңгелетіп жүрген қайырымды жандар жалғызбасты аналардың алғысын алды. Жұмыла көтерген жақсы істің жүзеге асуына «Қолғабыс» қайырымдылық қоры да атсалысқан екен. Кәмелеттік жасқа толмаған 11 баланың баспаналы болып, білім алуына мұрындық болған қайырымды жандар бұған дейін де Арысқа көмек беріп келіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қуаныштан көз жасын тыя алмаған жалғызбасты ана бұл тосынсыйды жеті баласының несібесіне балап, зәулім үй сыйлаған кәсіпкерлерге ерекше ықыласын жеткізді. Он жылда талай табалдырық тоздырдым деген кейуана денсаулығының да кемістігі барын айтып қалды. Аяғын сегіз жерден темір бұрандамен бекіткен соң жарытып жұмысқа да шыға алмапты.

«Пәтерде жүргенімізге он жылға жуық болып қалды. Тоғыз айдай төсекке таңылып жаттым. Тоғыз ай бойы қолдарынан келгенше тамағымызға, басқа да шығындарымызға көмектесіп тұрды. Алланың мейірімі шексіз ғой, бір жақсылық әйтеуір болады екен. Енді қыздарымды өнегелі, иманды қылып тәрбиелесем, солар өмірден өз орындарын тапса арманым жоқ», - дейді көпбалалы ана Эльмира Әбекова.

«Табаннан тозып, қиналып жүргеніне он жылдай болды. Шыны керек, толқығаннан ойымды жинақтай алмай отырмын. Әуелі Алла, содан соң осы жомарт кісілердің арқасында баспаналы болдық», - дейді көпбалалы ана Рано Әпсейітова.

Жалпы аумағы 101 шаршы метрді құрайтын қыш кірпіштен салынған зәулім үй орналасқан жерді Арыс қаласының әкімдігі бөліп берген екен. Осыған дейін кейде туыстарында түнеп, кейде жалдамалы пәтерде жүрген жалғызбасты ана үй салып берген жомарт жандарға айрықша алғыс айтып отыр. Қос отбасының қуанышында шек жоқ.

«Акционер Қайрат Бағланұлы Арыс қаласының әкімімен кеңесіп, Арыс қаласына қажет көмекті сұраған еді. Себебі компаниямыз Арыс қаласына тіркелген, жалғызбасты аналарды осы үймен қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, бес жанұяға ақшалай көмектесеміз, азық-түлікпен қамтамасыз етеміз. Ақшалай түрде ең төменгі жалақыны беріп отырамыз», - деді кәсіпкер Қанат Бекшораев.

Баспаналы болған қос қуаныш иесін қала әкімі де келіп құттықтап, өз тарапынан алғысөзін жеткізді. Оның айтуынша, бұған дейін де әкімдік осы азаматтрамен бірлесіп аз қамтылған отбасыларға қолдау бІлдіріп келген.

«Екі отбасының үйлі болуына қаржы бөлген мекемеге алғыс айтамын. Өйткені біз осы қаладан «Қолғабыс» қорын ұйымдастырып, мұқтаждарға азық-түлік таратып жатырмыз», - деді Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова.                    

Ал мұқтаж жандардың үй алуына мұрындық болған кәсіпкерлер алдағы уақытта да әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау білдіріп, ақшалай жалақы беруге дайын екенін алға тартты.

Әлібек Шынтемір, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров