Әселдің диагнозы – созылмалы бүйрек жетіспеушілігі
«1 апта ғана уақыт қалды». Екі бүйрегі де істемей қалған 2 баланың анасы көптің көмегіне мұқтаж. 30 млн теңгенің орасан бөлігін жинаған ол ай соңында операция жасатуы тиіс.
Әсел Жақыпбек – бір кездері көпке қол ұшын созып, ел аузында жүрген «Айтуға оңай» бағдарламасының редакторы. Қазір өзі де көмекке мұқтаж. 2 жыл бұрын 2 бүйрегі де істен шыққан соң, ел ішінен донор іздеген. Таппады. Ендігіде, бар үміт шеттен келер көмекте.
«Қазір менде шегінерге жол жоқ. Менің емімнің бір ғана жолы – бүйректі ауыстыру. Жолдасым, ата-анам, бауырларым тапсырды. Менің қан тобыма ешқайсысы сәйкес келмейді. Білмеймін, амалдың жоқтығынан...», – деді Әсел Жақыпбек.
Әселдің айтуынша дерт жабысқанда жүкті екен. Іштегі 5 айлық аман баланы алдыруға мәжбүр болған. Бұғанасы қатпаған балаларым үшін жүрегім ауырады деген ана 1 аптаның ішінде керек соманы жинап, ота жасатуы тиіс.
«Тездетіп емдетсек, балаларымыздың қызығын ұзағынан көрсек. 67 мың АҚШ долларын сұрады, теңгемен есептесек, 30 млн болады. Енді үлкен сумма, қорықтық. Жанашыр адамдардың арқасында жартысынан көп қаражат жинадық. Дәл қазіргі таңда 6 млн 900 мыңдай қалды», – деді Ә. Жақыпбектің күйеуі Бақытжан Бағланұлы.
«Балаларым өте кішкентай. Олар да біледі ақша жинап жүргенімізді. Ұлым 6-да, түсінеді, жерден ақша тауып алса да «Мама, мынау сенің еміңе, сен жазыласың» деп маған әкеп береді»,- деді Әсел Жақыпбек.
Кейіпкердің диагнозы – созылмалы бүйрек жетіспеушілігі. Аурумен алысқанына биыл екінші жыл. Ал, ағза тазаланбаған соң, диализ алған соң жағдай қиын, уақыт аз. Сауапты іске тамшыдай үлес қосам деген көрермен үшін Әселдің шотын қалдырдық. Әлемді мейірім құтқарады.
Kaspi bank: 4400 4302 6899 2010; Әсел Ж.
Байланыс телефоны: 7 707 597 62 27
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы