Алматыда 4 миллионға жуық халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етіп тұрған – «Алатау Жарық» компаниясы
Бүгін – Энергетиктер күні. Осынау айтулы мерекеде үйіміздегі жарықтың сөніп қалмауы үшін бар күш-жігерін жұмсайтын жандар жайлы айтпай кетуге болмас. Алматыда 4 миллионға жуық халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етіп тұрған – «Алатау Жарық» компаниясы. Онда қажымай еңбек ететін 4 мыңнан аса маман бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бейбіт Ысқақовтың компанияда жұмыс істегеніне биыл 10 жыл. Қызметін қарапайым тоқ жөндеушіден бастаған ол бүгінде маңызы зор бөлімде аға диспетчер. Айтуынша, энергетиктер үлкен кернеулі электр тоғымен жұмыс істейтіндіктен қауіп пен қатердің бел ортасында жүреді. Ал аса жауапкершілікті талап ететін мамандыққа оның қызығушылығын әкесі оятқан. Ол жалпы адамзаттың жайлы өмір сүруі үшін осы сала мамандарының еңбегі зор екенін айтады.
«Алматы қаласы мен Алматы облысы 17 диспетчерлік басқармасынан тұрады. Біздің басты мақсатымыз – қала мен қала тұрғындарына сапалы және тұрақты электроэнергиясымен қамтамасыз ету. Алматы қаласында 5 электрстанция бар. Бала кезімізде бұл іске әкем қызығушылықпен әңгімелеп беретін энергетиктер күні мен жұмысы жайлы. Содан бала кезімізден қызығушылығымыз арта түсті осы мамандыққа», – деді «Алатау Жарық компаниясы» АҚ қызметкері Бейбіт Ысқақов.
Алматыда электр желілерінің ұзындығы 8 мың шақырымнан асып жығылады. Өкініштісі оның 65 пайызының тозығы жеткен. Биыл қалада 110 шақырым болатын электр желілері ауыстырылды. Алып шаһарда 400 мың тұрғынды қамтитын 2 электр қосалқы стансаның құрылысы жүзеге асып жатыр. Қаланың оңтүстік, оңтүстік-батыс бөлігін жарықпен қамтамасыз етіп тұрған бұл №147 станса. Алматыдағы ең ірісі саналады. Онда да кәсібін шын сүйетін жандар еңбек етеді.
«Қосалқы станция енді жұмысын тоқтатқан емес. Қандай жағдай болса да жұмыс істеп жатырмыз. Қала тұрғындарына жарық береміз деп. Бұл қосалқы станция 2001 жылдан бастап жұмыс істеп жатыр. Содан бері әлі жұмыс істеп келе жатыр», – деді «Алатау Жарық компаниясы» АҚ қосалқы станса басшысы Қайрат Садықов.
Жалпы мамандардың басты мақсаты - халықты үздіксіз электрэнергиясымен қамтамасыз ету, апаттық жағдайларды болдырмау. Олар кәсібилікті шыңдау үшін жыл сайын емтихан тапсырады.
Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы