Түркістан облысындағы жағдайға ҚР СІМ түсініктеме берді

05.05.2020 20:57

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған Үкіметтік комиссия құрылды

ҚР СІМ5

ҚР СІМ ресми өкілі А.Смадияровтың Түркістан облысындағы жағдайға қатысты түсініктемесі жарияланды, деп хабарлайды zakon.kz.

Өзбекстан Республикасы аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы және оның салдарынан Түркістан облысының бірқатар елді мекендерін су басу бойынша жағдай біздің Үкіметтің ерекше бақылауында.

Үстіміздегі жылғы 2 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлескені және сұхбат барысында тараптар орын алған жағдайды нақты талқылап, екі ел үкіметі үйлесімді жұмыс атқаратыны туралы уағдаласқаны мәлім.

Су басу салдарын бірлесіп жою бойынша үкімет пен шекаралас өңірлер басшыларының тығыз өзара іс-қимылын назарға ала отырып, өзбек тарапына ҚР Сыртқы істер министрлігінің нотасын жолдау мәселесі қарастырылмайды.

Түркістан облысының әкімі Өзбекстанның көршілес өңірлеріне жедел түрде сапар жасады, сондай-ақ өзбек тарапымен қажетті келіссөздер жүргізіп, оның қорытындылары туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында баяндады.

Өздеріңізге мәлім, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған Үкіметтік комиссия құрылды. Ертең ол Түркістан облысы мен Өзбекстанға бірлескен іс-қимыл алгоритмін пысықтау үшін барады.

Екі тараптың барлық байланыстары толықтай Мәңгілік достық және стратегиялық әріптестік туралы шарттардың және Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенцияның нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.