Белбұлақ ауылындағы басты көшелердің бірі жекеменшікке өтіп, 100-ден аса үйдің тұрмысын қиындатты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматы облысы Талғар ауданындағы елдімекен халқы 3 жыл бойы көшелердің шұрқ тесігін өздері жамап келген. Ол аздай, ендігіде жұрттың қалаға шығатын негізгі жолы сатылып, көлікпен кіріп-шығу қиындаған. Жұртшылық бәріне ауылдың бас жоспарын дұрыс сызбаған шенеуніктер кінәлі деп, жолдың кеңейтілуін талап етеді. Қазірдің өзінде аймақтағы негізгі жолдарды қоршап алған жекенің меншігіндегі бірнеше жер телімі бар. Олардың құрылысы толық бітпеген, бірақ жолдар қазірден тар.
- Жол қозғалысы қиындап кетті. Балаларымызды мектепке, балабақшаға апара алмаймыз. Көшеміз тым тар болғандықтан, таксилер жүрмейді. Қазір тек бір көлік өте алады. Ал жедел жәрдем шақырсақ, мүлде жүре алмайды, - дейді Белбұлақ ауылының тұрғыны Нұржәмилә Шыңғысова.
- Бұл негізгі күре жол саналады. Елдімекенге кіретін басқа көше жоқ. Бұған дейін бір жол бар еді, оны жапты. Тұрғындар үшін өте қолайсыз жағдай болып тұр. Әкімді де шақырдық, келіп көріп қайтты. Бұл аймаққа тіпті қоқыс шығаратын көлік кіре алмайды. Жедел жәрдем шақыртсақ, жағдай қиын, - дейді Белбұлақ ауылының тұрғыны Бағдат Құрманбаев.
Жер телімін сатып алған меншік иесі құрылыс талапқа сай деуден танбады. Оның сөзінше, бар мәселе - бас жоспарды дұрыс сызбаған әкімдікте.
- Осы аймақтың иесіміз. Біз бұл жер телімін 2022-2021 жылдың аяғында сатып алдық. Ол кезде біздің жеке учаскемізге жол және газ құбыры кіріп кеткен. Жолды жауып алған жоқпыз. Бас жоспарда көрсетілгендей, барлығы заң бойынша рәсімделген. Бұл бізге тиесілі жер телімі. Жоспарда жол басқа жерден түседі. Қолымызда 2022 жылы шығарылған шешім құжаты бар. Шешімді негізі 2023 жылдың сәуір және наурыз айларында беру керек болатын. Соған қарап ешқандай құрылыс бастамай отырдық, - дейді жер телімінің иесі Ырысгүл Абақан.
Ауылдағы құрылысты қадағалауы тиіс әкімдік мамандары меншік иесі үй саларда әуелі сәулетшілермен келіспеген деп, мәселені тұрғындарға қарай сілтеді. Жалғыз жолдан айырылып қаламыз ба деген халық жергілікті биліктен көшені тиісті жерге дейін созуын талап етіп отыр.
- Жер учаскесінің сызбасын даярлаған кезде сәулетшілермен кеңеспеген. Соның кесірінен бұл аймақтар жекеменшікке сатылып кеткен. Келісілмегендіктен, бас жоспарға өзгерістер де енгізілмеген. Бір-екі аптаның ішінде әкімдік тарапынан техника беріледі. Жолды түзеп, кеңейту жұмыстарын жүргіземіз, - деді Белбұлақ ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Әділет Болатов.
Жан-жағынан көшелері тарылып, көңілі күпті болған халыққа жергілікті билік 2-3 аптада жұмыс бастаймыз деді.
Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Жер дауы: Алматы облысында 429 отбасы далада қалуы мүмкін