Apislab: ғалымдар ара шаруашылығын цифрландыратын қосымша ойлап тапты

01.08.2024 02:33

Бірегей жүйе – еуропалық балдық бағалау жүйесіне негізделген

Almaty.tv

Отандық ғалымдар омарташыларға арналған бірегей жүйе ойлап тапты. «Apislab» деп аталатын қосымша ара шаруашылығы саласында селекциялық-асыл тұқымды және ғылыми жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейресми деректер бойынша Қазақстанда 1500-ден астам омарташы бар. Олардың тек 320-ға жуығы селекциялық-асыл тұқымды жұмыстар жүргізеді. Яғни, «Apislab» қосымшасына тіркелген.

Бірегей жүйе – еуропалық балдық бағалау жүйесіне негізделген. Ғалымдардың айтуынша, қосымшаның әлемде баламасы жоқ. Оны пайдаланған омарташы араның мінез-құлқын 4 балдық жүйемен бағалайды. Бұл іріктеуді тездететін көрінеді.

– Қосымша ара шаруашылығында қолдануға өте ыңғайлы. Шаруа қожалықтары деректерді электронды жинауға келісім берді. Әрине, қағазға жазып, есеп жүргізуді ешкім алып тастаған жоқ. Қосымшаның мақсаты – саладағы ақпаратты цифрландыру, – деді Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Олег Крупский.

«Apislab» жүйесінің негізгі мақсаты – іріктеу жүргізу арқылы араның асыл тұқымды түрін сақтап қалу. Ол үшін ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері омарташылардан жәндіктердің сынамасын алып, қанатын сканерлейді. Нүкте қою арқылы қай тұқымға жататынын анықтайды.

– Араның қанатын сканерлеп, бағдарламаға жүктейміз. Оның әр қанатының бұрышында реті бар. Сол бойынша нүкте қойып шығамыз. Ол автоматты түрде бағдарламада есептеліп, нәтиже шығады. Яғни, араның тұқымы жайында ақпарат береді, – деді Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты Ара шаруашылығы бөлімінің маманы Гүлім Халықова.

Қосымшаның шарапатын көріп отырған шаруашылықтар да бар. Мәди Жолшиев омарта шаруашылығымен 8 жылдан бері айналысып келеді. Ресейден саланың қыр-сырын меңгеріп, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған азамат «Apislab» жүйесі – шаруашылық жүргізуде таптырмас құрал» дейді.

– Бұрынғыдай қағазға жазып қиналмаймыз. Телефон арқылы ашып, барлық ақпаратты біле аламыз. Екі аптада қанша бал әкелгенін тексере аламыз, – деді омарташы Мәди Жолшиев.

Қосымшаға тіркелген әр шаруашылыққа омарта есебінің журналы беріледі. Жүйе онлайн жұмыс істейтіндіктен, интернеті нашар аудандарда дерек жазбаша жүргізіледі. Ал кейін ақпаратты қосымшаға көшіруге де болады.

Еркебұлан Серікұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Сиыр мен қой-ешкі еті енді сатылмайды