Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасындағы келіссөздер сәтті аяқталды

08.12.2023 23:56

Миттал кәсіпорынды 3,5 миллиард долларға сатқысы келіпті

Сурет: t.me/KZgovernment

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясын қазақстандық олигарх Андрей Лаврентьев сатып алды. Ол Форбс нұсқасы бойынша елдегі ең ықпалды 50 кәсіпкер тізімінде 26 орында тұр, деп хабарлайды Аlmaty.tv. тілшісі 

Миттал кәсіпорынды 3,5 миллиард долларға сатқысы келіпті.

АрселорМиттал Қазақстан Үкіметіне «кәсіпорынды 3,5 миллиард долларға сатып алыңдар» депті. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мұндай аспандағы баға миға қонымсыз екенін айтты. Келіссөздер процесі 11 раундтан тұрды. Нәтижесінде екі тарап та ортақ ұстанымға қол жеткізген. Министрдің айтуынша, бұл келісімшарт мега-мәміле болып есептеледі.  

– «АрселорМиттал Теміртау» және Ақтау құбыр зауытының құнын 3,5 млрд доллардан 286 млн долларға дейін төмендеттік. Мәмілені жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен бір де бір теңге жұмсалған жоқ. Жаңа инвестор «ArcelorMittal» бас компаниясының қысқамерзімді және ұзақмерзімді міндеттемелері бойынша жауапкершілікті мойнына алды. 286 млн доллар – толық жұмыс істеп тұрған екі кәсіпорынның құны, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Жаңа инвестор демекші, енді «АрселорМитталды» қазақстандық бизнесмен басқарады. Алматы қаласының тумасы Андрей Лавреньтев - «Allur Group» компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы. Оның құрамына «Агромашхолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорындары кіреді. Ал «АрселорМиттал Теміртау» қайтадан QARMET деп өзгерді. Кәсіпорынның ескі иесі «Қазақстан халқына» қорына 16 миллиард теңге аударатынын да айта кету керек.

– «Arcelor Mittal» компаниясынан қорға түсетін қаражат Қарағанды облысы тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге және денсаулық сақтау, білім беру саласындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Сондай-ақ бұл соманың 50%-ы Теміртау қаласына, ал қалғаны Қарағанды облысына жұмсалады, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

«Арселормиттал Теміртау» нысандарында соңғы 15 жылдың өзінде 100-ден астам адам қаза тапқан. Қызметте жүріп көз жұмғандар 2016 жылдан бері көбейген. Мәселен 2016-22 жылдардың арасында 19 адам бақилық болып, 45 жұмысшы зардап шеккен. Ал 2021-22 жылдары 12 кенші опат болды. Биылдың өзінде 51 адам келместің кемесіне кеткен. Соңғы оқиғадан кейін Үкімет АрселорМитталмен келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдады. Бүгін ресми түрде «Қармет» деп өзгеріп, Қазақстан меншігіне өтті.  

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда "Қалқаман"метро станциясының құрылысы қашан аяқталады