Елордада жатақхананың бір бөлмесіне 700 адам тіркелген

07.11.2020 20:59

Қазіргі кезде тәртіп сақшылары бөлменің иесін іздестіріп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласындағы жатақхананың 18 шаршы метлікр бір бөлмесіне шамамен 700-ге жуық адам тұрақты мекенжайға тіркелген, деп хабарлады Аlmaty.tv Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Үй иесі ол бөлмеде тұрмайтын бөгде адамдарды үнемі тіркеп отырған. Тіркелген адамдардың жатақханада тұратынын анықтау үшін полицейлер аталған бөлмені талай рет тексерген. Алайда тұрғындарды анықтау мүмкін болмаған. Көршілердің айтуынша, бөлме бос, онда ешкім тұрмайды. Қазіргі кезде тәртіп сақшылары бөлме иесін іздестіріп жатыр, оған қатысты әкімшілік жаза қолданылады. 

«Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тіркеу пәтер, меншік иелеріне азаматтарды көптеп тіркеуге мүмкіндік береді. Елордалық Полиция департаменті көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында азаматтарды тұрғылықты мекен-жайы мен нақты тұратын орында уақытылы тіркелуін сұрайды. Мекен-жай мәліметтерінің қате болғанда оларды дұрыстау үшін ХҚКО-дағы көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшелеріне жүгіну қажет. Сондай-ақ Полиция департаменті үй иелерінен мекен-жайда тұрмайтын тұлғаларды тіркеуден уақытылы шығаруды сұрайды. Көші-қон заңнамасын бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасында қарастырылған шаралар қолданылады», - делінген хабарламада.

Полиция департаменті Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарын ерекше мұқият болып, жарнама және жалған мекен-жайларда тіркелмеуін сұрайды, себебі тұрғылықты емес мекен-жайда тіркелу немесе тұрғылықты мекен-жайда тіркеудің болмауы Қазақстан Республикасының заңнамасымен жауапкершілікке тартуды қарастырады.