Алматыда көрнекті ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай еске алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бір топ қоғам қайраткері, ғалымның ұрпақтары мен ақын-жазушылар орталық зиратта жиналып, ұлы тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Іс-шара аясында «Қаныш аға осындай еді...» кітабының таныстырылымы өтті.
– Жатқан жері жайлы болсын. Қазақты көтеріп, халқының мерейін өсірген ұлы тұлғалар. Қаныш Сәтбаев Мұхтар Әуезовтен кейін қайтыс болды. Ғылым академиясынан бастап осы жерге дейін адамдар Қаныш Сәтбаевтың табытын жаяу көтеріп келген. Бұл – ғалымға көрсеткен құрмет! – деді Қазақстанның еңбек ері Дулат Исабеков.
– Қ. Сәтбаевтың басына келіп, зиярат етіп жатыр. Қалмұқан Исабаевтың деректі әңгімесі мен Қаныш Сәтбаевтың жанында 30 жыл бірге еңбек еткен Бөпежан Аяпбергеновтың сыр-сұхбатын жарыққа шығардық, – деді баспагер Ардақ Мұқышева.
Қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың негізгі еңбектері кендер геологиясы мен Қазақстанның минералды ресурстарына арналған. Ғылыми зерттеулердің өзекті мәселесін халық шаруашылығының мүддесіне бағыттаған ол ғылыми кадр дайындау ісіне үлкен жауапкершілікпен қараған.
Еске салайық, ғалымның 125 жылдық мерейтойы еліміздің барлық аймағында кең көлемде аталып өтіп жатыр.
– Атам туралы естеліктер айтылғанда, ғылыми жолынан бөлек, адамгершілігі мол жан болғанын еске алады. Ол жас мамандарға, қарапайым адамдарға ақшалай және басқа да қажеттілігіне қарай қолдау білдірген. Бұл естеліктің бәрін кейін естідік. Ғылым саласына қосқан еңбегі ұмыт қалмай, насихатталып жатқанына қуанамыз, – деді Қ. Сәтбаевтың немересі Әлима Жармағамбетова.
Оқи отырыңыз: Май өндірісі: сала мамандары меморандумға қол қойды