Алматыда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды
Алматыда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Осы маусымда мегаполистен шамамен 1500 жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін олардың 35-і Күршім ауданындағы шекара қызметіне жөнелтілді. Алайда пандемияға байланысты жылдағыдай салтанатты шығарып салу мерекесі жоқ биыл. Сондай-ақ, үміткерлерге қойылатын талаптар да күшейіпті.
«Әскерге шақырушылар медициналық коммисияға кірмей тұрып, алдымен инфекционист дәрігер әңгімелеседі. Әңгіме барысында қайда болғанын, кімдермен байланыста болғанын, отбасында аурған адамдар бар ма. Соларды білгеннен кейін әскерге шақырушы медициналық коммисияға жіберіледі», – деді қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Амантай Өсербаев.
Одан өзге әрбір болашақ сарбаз ең алдымен ПТР тістілеуден өтеді. Шақырылушылар әскери қызметке Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан және Шекара қызметі әскери бөлімдеріне жіберіледі. Таңдау және тарату кезінде олардың шақыруға дейін игерген мамандықтары ескеріледі. Мерзімді әскери қызметке шақыру желтоқсан айының соңына дейін жалғаспақ.
«Өзім Әуезов ауданының шақырушысымын. Жақын арада, нақты айтсақ, бүгін Күршім ауданына кетеміз. Әскери борышымды өтеуге дайынмын. Меніңше, әрбір азаматтың әскери борышын өтеген парыз деп есептеймін. Енді әскерге кеткеннен кейін қобалжу болады. Бірақ, ер намысымыз бар, өз Отанымызды қорғау үшін бәрін істеуге тырысамын», – деді Ислам Хамзаев.