Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны қаупіне орай 7000 адамға арналған 68 эвакуациялық пункт дайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Өңірде көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде Зайсан ауданындағы үйлерге су қоймасы қауіп туғызып отыр.
«Оны қауіпсіз жағдайға келтіру үшін қанша қаражат қажет екенін талдау қажет. Су тасқыны кезеңінде жарылыс жұмыстарына 264 миллион теңге бөлініп, олардың орындары анықталды. Техника саны жеткілікті. Сондай-ақ 7000 адамға арналған 68 эвакуациялық пункт дайындалды», – дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, ақпан айында ауа температурасының жылынуына дайын болу керек.
«Қалалар мен аудандардың әкімі, әсіресе су басу қаупі бар аймақтар дайын болуы керек. Барлығын тағы бір рет талдап, су және су өткізу құрылыстарын тазартуға ерекше назар аудара отырып, қауіпсіздік шараларын пысықтау қажет», – деді аймақ басшысы.
Осыған дейін су тасқынына дайындық жөніндегі үкіметтік комиссия құрылғанын жазған едік.