СҚО-да есірткіден опат болған жастар саны артып келеді

14.09.2021 20:58

Дозаға тәуелді болып қалғандар арасында әйелдер де аз емес

Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстанда есірткіден опат болған жастар саны артып келеді. Өңірде спайс, тұз, мефедрон сынды синтетикалық заттар көбейіп кеткен. Дозаға тәуелді болып қалғандар арасында әйелдер де аз емес. Оларды қоғамға қайтару мүмкін бе? Нарколог мамандар мен полицейлер бұл бағытта не істеп жатыр? Көпті алаңдатып отырған сұрақтарға өңірдегі  Almaty.tv тілшісі жауап іздеп көрді. 

Петропавлдағы психикалық денсаулық орталығының наркология бөлімшесінде 34 науқас бар. Оның тоғызы әйел. 14 жасынан бастап есірткі қабылдаған мына қыз, екі жылда, адам  танымастай өзгеріп кеткен.

«Мен ол кезде кішкентай болдым, есірткі қабылдағандағы сезім өзіме ерекше болды. Кейін денсаулығыммен, психикаммен және қоршаған ортадағы адамдармен проблемар басталды. Галлюцинация болды. Бүйрек, жүрек, өкпе, бауырға ауыр зақым келді»,– деді науқас.

Есімін жасыруды сұраған тағы бір 28 жастағы қала тұрғыны орталықта үш апта ем қабылдап жатыр. Оның жұбайы мен екі баласы бар. Есірткінің кесірінен отбасынан айырылуға шақ қалып, жұмысында қиындықтар туындағанын айтады. Ендігі арманы есірткіге деген тәуелдіктен құтылу.

«Есірткінің кесірінен  көлік жүргізу құқығынан айырылдым. Жұмыстан айырылып қала жаздадым. Осыныңбәрінің құтылу үшін емделіп жатырмын»,– деді науқас.

Тәуелділіктен құтылу оңай емес. Көп нәрсе адамның өзіне байланысты, дейді мамандар. Бірақ, қоғамға оралғандар аз болса, да кездеседі, дейді тәжірибелі нарколог Налина Андреева.  

«Өкінішке қарай, синтетикалық, есірткі заттарын көбінесе жасөспірімдер пайдаланады. Әрине, бұған назар аудару керек. Емдеу нәтижелі, жан-жақты болуы керек. Біз олардың ата-аналарымен, қоршаған ортасымен жұмыс жасауымыз керек. Ал, емдеу күрделі процесс, ол өмір бойы созылуы мүмкін. Сондықтан бұл дерттің алдын алу өте маңызды», – деді Қалалық психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Галина Андреева.

Ал есірткі заттарын заңсыз сақтау, сату, тарату, жарнамалау және насихаттағаны үшін биыл 77 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олар есірткіні көбінесе телеграм желісінде сатып алатын көрінеді.

«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері сегіз ай ішінде заңсыз айналымнан 286 кг астам түрлі есірткі заттарын, оның ішінде 4 кг астам синтетикалық есірткі алды. Төрт есірткі зертханасы жабылды, оның екеуі синтетика дайындауға арналған. 135 есірткі қылмыс, 33 есірткі заттарын өткізу фактісі анықталды», – деді Қалалық полиция басқармасының бөлім басшысы Рахат Нұрахметов.


Жалпы өңір бойынша наркология есебінде 573 адам тұр. Арасында кәмелетке толмағандар да бар. Бірақ бұл ресми статистика. Шын мәнінде, есіртікге қанша адамның тәуелді екенін ешкім білмейді. Сондықтан ересектер балаларының тәрбиесіне, қандай ортада жүргеніне ерекше мән берсе дейді, мамандар.

Теги: есірткі