Толық емес жұмыс уақытындағы қызметкерлер мүддесі қалай қорғалады

31.03.2022 21:35

Түрлі саладағы 470 мыңға жуық қызметкер толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеген

Almaty.tv

Толық емес және толық жұмыс уақытында қызмет істейтін азаматтардың жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы бірдей болады. Сенаттың жалпы отырысында «Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аталған құжат 2019 жылғы 18 қазанда еліміздің халықаралық шарттар мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қолдау тапты. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылы әртүрлі салалардағы 470 мыңға жуық қызметкер толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеген. Олардың жартысына жуығы аптасына 20 сағаттан аз уақыт еңбек еткен. 

"Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы, білім және өнеркәсіп салаларында еңбек етті. Конвенция аясында толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлердің негізгі жалақысы сол әдістермен есептелетін толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін және салыстырмалы жағдайдағы қызметкерлердің негізгі жалақысынан кем болмауы тиіс деп көзделген", - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.