Бала зорлағандар өмір бойы бас бостандығынан айрылуы мүмкін

11.09.2019 22:36

Кәмелет жасына толмағандарды зорлағандар ең кемі 20 жылға қамалуы қажет

Енді мұндай қылмысты біле тұра жасырған азаматтар да қатаң жазаланатын болады. Сондай-ақ жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттері ауыр қылмыстар санатына ауыстырылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қорықшылар өміріне қауіп төндіргендерге де қатаң жаза қолданылады. Мемлекеттік инспекторларға қатысты зорлық-зомбылық қолданғаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Бүгін ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов қолданыстағы заңнамаға енгізілетін өзгерістер туралы мәлімдеді.

«Қазіргі таңда Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процессуалдық кодексті одан әрі жетілдіру бойынша заң жобасы әзірленді. Оған қасақана ауыр және аса ауыр қылмыстардың жеке түрлері үшін жауапкершілікті күшейту бойынша өзгерістер енгізілді. Ең бірінші жыныстық жуыспаушылыққа қарсы қылмыс жасағаны үшін, зорлық-зомбылық пен сексуалды сипаттағы әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Енді бұл қылмыстар айыпты ауырлататын жағдайлар болмаса да, аса ауыр қылмыстар санатына жататын болады», – деді ҚР Бас прокурорының  орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВ.