16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынуы мүмкін

Заң жобасын Құрылтай қарады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу ұсынылды. Тиісті заң жобасын Құрылтай қарады. Құжатта балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министрдің айтуынша, бүгінде жасөспірімдердің ақпаратқа, соның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізуіне іс жүзінде шектеу жоқ. Осыған байланысты әлеуметтік желі платформаларының иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеру шараларын қабылдауға міндеттелуі мүмкін.

«Негізінен, біз айтып отырған онлайн-платформалар – әлеуметтік желілер. Бұл – жалпы әлемдік үрдіс. Кейбір елде сәтті, кейбірінде сәтсіз жүзеге асып жатыр. Дегенмен мемлекет ең алдымен осы мәселеге қатысты өз көзқарасы мен саясатын нақты айқындап, оның іске асырылуын мүмкіндігінше қадағалауы керек деп есептейміз», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев.

Министрдің сөзінше, ұсынылып отырған талаптар Egov және Kundelik платформаларына қатысты емес. Сонымен қатар заң жобасында мессенджерлерге шектеу қою мәселесі қарастырылмаған.