Алматы қаласының Түрксіб ауданында 2 медициналық мекеме бой көтеруде. Олар: №4-ші қалалық перзентхананың қосымша нысаны мен отбасылық-дәрігерлік амбулатория орталығы деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Екі мекеме де биыл өз келушілерін қабылдайды. Жауаптылар қосымша ғимараттың осы ауданда салынуын аудан тұрғындарының демографиялық жағдайының өсуімен байланыстырып отыр.
Жалпы, Түрксіб ауданында жылына 4 мыңнан аса ана босанады екен. Сол себепті мұнда жаңа ғимараттың салыну мәселесі туындаған. Қазір 4-ші перзентханаға қосымша ғимарат салу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерде соңғы әрлеу жұмыстары қалған.
«10 жыл бұрын жылына 3 мың әйел босанатын. Қазір жыл сайын 4 жарым мыңнан астам ананы қабылдаймыз. Сондықтан, жаңа ғимаратқа сұраныс пайда болды. Ескі ғимарат 95 төсекке лайықталған. Жаңа ғимаратпен бірге тағы 30 төсек-орын қосылады, яғни барлығы 125 ананы бір сәтте қабылдай аламыз», - дейді Алматы қаласы № 4 перзентхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Зияда ДОНБАЕВА
Биыл қолданысқа берілетін ғимарат құрылысына 1,1 миллиард теңге жұмсалыпты. Нысан 3 қабаттан тұрады. Бірінші қабатында жүкті әйелді қабылдап, үшінші қабатында босандырса, екінші қабатында ана мен бала жайлы палатада алаңсыз бірге бола алады.
«Алматы – тұрғындар үшін жайлы қала» концепциясына сәйкес, барлық әлеуметтік нысандар алматылықтарға қолжетімді болуы керек.
Түрксіб ауданындағы бой көтеріп жатқан екінші нысан – отбасылық-дәрігерлік амбулатория орталығы. №32 емхананың бөлімшесі ретінде қызмет ететін бұл мекеме Алтай-1, Алтай-2 шағынаудандары және әуежай маңында тұратын тұрғындар үшін жұмыс істейді. Айта кетерлігі, бұрынғы №4 емхананың мамандары осында жұмыс істейтін болады.
«Жоспарға сәйкес, нысан биыл маусым айында пайдалануға беріледі. Отбасылық амбулатория 100 отбасыға лайықталған. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұрынғы мамандардан бөлек жаңадан тағы 20-25 дәрігер қосылуы мүмкін», - дейді Алматы қалалық № 32 емхананың бас дәрігері Артур ҚАЖЫБАЕВ.
Отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда тұз шахтасы жұмыс істейтін болады. 9 шаршы метр аумақты алып жатқан бөлмеге 3 тоннаға жуық йодталған тұз кетіпті. Тыныс алу ауруларына шалдыққан науқастарға немесе ем алып болғаннан кейін иммунитетті көтеруге бұл таптырмас орын дейді дәрігерлер. Мұндай шахталар мемлекеттік дәрігерлік мекемелерде енді енгізіліп жатқанын айта кету керек.
Отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда барлығы халықаралық талаптарға сай етіп жасалған. Соңғы үлгідегі заманауи медициналық құралдар, жайлы бөлмелер мен балалар ойнайтын бөлме де болады. Алғашқы мемлекеттік емдеу мекемесі ретінде мұнда эпилепсия ауруын анықтап емдейтін құрал сатып алынған. Хирургиялық, шұғыл көмек көрсту бөлмелері бар. Ал, мекеме қызметкерлері біліктілігін арттырып, ағылшын тілін үйренуде. Учаскелік дәрігерлер науқасқа тез жетуі үшін велосипедпен қамтамасыз етіліп жатыр.
Азамат Әуезхан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы