Алматыда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 8,9 пайызға артқан. Сәйкесінше, 190 мың 157 бірлікті құрайды. Осы жылдың қаңтар-маусым айларында шағын және орта бизнес өнімінің көлемі 3 миллиардтан астам теңгені құрады, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаһар экономикасының өсуіне мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы ықпал етті. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 2019 жылы 128 жоба субсидияланса, 56-сына кепілдік берілді, гранттар саны 94 құраған. «Еңбек» бағдарламасын аясында да 2,2 млрд. теңгеге 150 жоба қаржыландырылды.
Сондай-ақ, бизнесті дамыту мақсатында «Алматы Бизнес 2025» кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай өңірлік бағдарламасы әзірленді. Төлем қабілеттілігі мен әл-ауқаттылық талаптарына жауап беретін қолданыстағы бизнесті де, стартап жобаларды да қаржыландыратын комапниялар құрылды. Жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасымен бірге 5000 жеке кәсіпкерлік субъектілерін қамти отырып, «Қарапайым заттар экономикасы» аясында несие беру мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.